3.03.2026, 16:45
Оқылды: 13

«Күйінгеннен күлемін»

Жұбан Молдағалиев  атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапханада  руханиятқа шырақ  жаққан  шуақты  іс-шара өтті.  «Ақжайық  қаламгерлері» жобасы  аясында  суретші-сатирик, «Қазақ мәдениет  қайраткері» төсбелгісінің иегері  Аманғали  Сарқұловтың «Күйінгеннен күлемін» атты сатиралық  жинағының  тұсаукесері  өтті.

WhatsApp Image 2026-02-25 at 17.53.00

Бұл басқосу жай ғана жаңа кітаптың таныстырылымы емес, қоғам айнасына үңілген сәт, күлкі арқылы ой қозғаған рухани жүздесу болды. Ортаға кеш иесі шыққанда зал жылы ықыласпен қарсы алды. Қырық жылдан астам уақытын кітапхана саласына арнаған, қылқалам мен қаламды қатар ұстаған қаламгердің шығармашылық жолы  құрметке  лайық.

Аманғали Мұсаұлы 1956 жылы Казталов ауданының сол кездегі Русская Таловка ауылында дүниеге келген. А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын тәмамдаған. 1985 жылдан бері облыстық кітапханада суретші-дизайнер болып еңбек етіп келеді. «Қазақ мәдениетінің қайраткері», «Еңбек даңқы», «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгілерінің иегері. 2017 жылы оның алғашқы «Қорыққан қораз» атты сатиралық кітабы жарық көрген еді. Ал жаңа жинақ – жылдар бойғы ой сүзгісінен өткен, уақытпен қайралған туындылардың  топтамасы.

Тұсаукесер рәсіміне ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері Айтқали Нәріков пен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,  ақын, сатирик Аманкелді Шахин арнайы шақырылып, жаңа кітаптың лентасын қиды. Қаламдас әріптестері аутордың сатирадағы қолтаңбасын, азаматтық ұстанымын, ой еркіндігін ерекше  атап  өтті.

WhatsApp Image 2026-02-25 at 17.53.01

– Аманғали алғашқы кітабын алпыс жасында шығарды. Енді, міне, жетпіске келгенде екінші жинағын ұсынып отыр. Сол тұңғыш кітабын маған қолтаңбасымен сыйлаған еді. Кейін сәті түсіп, Жазушылар одағының сиезіне барғанда, өзіммен бірге Алматыға ала бардым. Сонда Қабышев Ғаббас ағамыз қолымдағы кітапты көріп, қызығып сұрап алды. Біраз уақыт өткен соң «Қазақ әдебиеті» газетінде Аманғалидың өлеңдері бір бет болып жарық көрді. Ол – үлкен қолдау, үлкен баға еді. Екінші кітабының атауын қоярда да менімен ақылдасты. Сөйтіп, біраз ой бөлісіп, ақыры «Күйінгеннен күлемін» деген атауға тоқтадық. Бұл – Аманғалидың табиғатына дәл келетін ат. Өйткені ол күйіне отырып жазады, күле отырып түйрейді. Кітабың құтты болсын! Қаламың мұқалмасын. Жаза бер. Саған шығармашылық табыс тілеймін, – деді Айтқали Нәріков.

Ал сатирадағы қаламдасы Аманкелді Шахин Аманғали Сарқұловтың болмысын бейнелей отырып, оның шығармашылық табиғатының сан қырлы екенін ерекше атап өтті.

– Сатира – өте күрделі жанр. Сондықтан да болар біздің облыстан 5-6 сатирик қана шықты. Жалпы, Аманғалидың өлеңдері өте қызық. Ол жалғыз қалғанда да жалықпайтын жан. Қиялындағы аң-құспен «ақылдасып», мысал кейіпкерлерін сөйлетіп, күлкінің думанын қыздырып отырады. Қылқалам ұстаса, қалжыңға толы кескіндерді мүсіндейді, қалам алса, уытты мысалдарды топырлата жөнеледі. Ол өзін алпысқа келген шағында да әжуамен таныстырып, «қарқылдаған домбыра», «сарқылмаған құдықпын» деп бейнелейді. Дегенмен, ол әуел бастан «сатирик боламын» деп арнайы жол қумаған.

WhatsApp Image 2026-02-25 at 17.53.01 (1)

Сан түрлі өнерді серік етіп, бірде суретшілікке, бірде қолөнерге ден қойған. Оның жиһаз жасайтынын, шекіме (чеканка) оятынын көп адам біле бермейді. Тіпті шекті аспаптарда ойнайтын өнері де бар. Бірақ қай салада жүрсе де, әзіл-сықақ ауылына соқпай кетпейді. Өйткені оның табиғатында мысқыл мен ой қатар  өрілген, – деді ол.

5a15ca53-8c01-4afb-8548-a8dd7540b211

Шара барысында аутор өз кітабынан бірнеше өлең оқыды. Оның жырларынан бүгінгі қоғамның келбеті, пенденің мінезі, тұрмыстың күлкілі тұстары анық аңғарылады. Бюрократия, даңғазалық, жасандылық – бәрі де уытты әзілдің астарымен берілген. Ол бояумен бейне салса, сөзбен мінез сомдайды. Қылқаламмен кескін түсірсе, қаламымен қоғамның қыртысын  ашады.

Кеш иесіне қойылған сауалдар да мазмұнды болды. Қылқалам мен қаламның айырмасы, сатираға келу жолы, кітапхана тыныштығында туған ойлар жайлы пікір алмасу жиынның көрігін қыздырды. Аутор күлдіру үшін алдымен күйіну керек екенін  жеткізді.

Жиын соңында кітапхана директоры Шолпан Уразаева сөз алып, қаламгердің ұзақ жылғы еңбегіне ризашылығын білдірді. Ол Аманғали Мұсаұлының кітапхана тынысымен біте қайнасқан жан екенін, шығармашылық еңбегі арқылы рухани ортаға көрік қосып жүргенін айтты. Сондай-ақ әріптестері, оқырман қауым ауторға ізгі тілектерін арнап, жаңа кітапқа қолтаңба  алды.

Расымен де, «Күйінгеннен күлемін» – атауының өзі көп жайтты аңғартады. Бұл – күйініштен туған күлкі. Ал ондай күлкі жеңіл болмайды. Онда қоғамға деген жанашырлық бар, азаматтық үн бар. Сатира – сынау үшін емес, сауықтыру үшін керек десек, Аманғали Сарқұловтың жаңа жинағы осы міндетті абыроймен атқаратын туынды екені  анық.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале