Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ұжымы «Парасат» ақпараттық білім беру орталығының директоры Айгүл Есенаманованы зейнеткерлік демалысқа шығарып салды.

Салтанатты жиынға басқарма басшылығы, институттар мен құрылымдық бөлімдердің басшылары, оқытушылар және шақырулы қонақтар қатысты. Алдымен сөз алған университеттің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін ұзақ жылдар жоғары оқу орнының ғылыми кітапханасын өркендетуге үлкен еңбек сіңірген Айгүл Базарқызына ризашылығын білдірді.
– Мен сізді ең алдымен жанашыр маман ретінде бағалар едім. Өзге жоғары оқу орындарының кітапханаларымен салыстырғанда, Жәңгір хан университетінің кітапханасы көш ілгері алда. Бұл – сіздің өлшеусіз еңбегіңіздің жемісі, – деді Әлжан Смайылұлы. Әріптесінің сөзін жалғаған тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Ақылбек Сұлтанов мерейлі жас иесінің адамгершілік, еңбекқорлық, талапшылдық секілді ізгі қасиеттері – кейінгі жастарға үлгі екенін атап өтті.
Бұдан әрі институт-факультеттер мен құрылымдық бөлімдердің басшылары тілектерді жалғастырып, А.Есенамановаға кітапхана ісі саласына сіңірген ұзақ жылғы еңбегінің зейнетін көруге тілектестік білдірді. Дейтұрғанмен, барлығы да өз ісін жетік білетін әріптестерін зейнеткерлік жасқа қимайтындарын айтып, әлі де кітапхана ұжымының көш басынан көргілері келетіндерін жасырмады.
Ал Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапхана директоры Шолпан Уразаева Жәңгір хан университеті кітапханасының жетістіктеріне тоқталды.
– Университет кітапханасы – қаламыздағы ең бірінші типтік кітапхана. Мұнда көптеген мерзімдік басылымдар сақталғанынан да хабардармыз. Үлкен ғылыми қор жасақталған бұл кітапхананың ауыз толтырып айтарлықтай
жетістіктері көп, – деген облыстық кітапхана басшысы мұндай игілікті істерде Айгүл Базарқызы секілді білікті маманның қолтаңбасы бар екенін жеткізді. М.Өтемісов атындағы БҚУ ғылыми кітапханасының директоры Тоты Әлімбекерова да Айгүл Базарқызының жемісті еңбек жолы туралы әңгіме өрбітті.
Кеш соңында іскер басшы, білікті маман А.Есенаманова өзіне құрмет көрсеткен университет ұжымы мен әріптестеріне, келген қонақтарға ризашылығын білдірді.
БҚАТУ баспасөз қызметі