4.03.2026, 17:15
Оқылды: 22

Кофе ішіп кетсең қайтеді?!

Ауыл өмірі көбіне тұрақтылықпен өлшенеді. Ал кейбір жандар сол қалыпты бұзып, жаңа тыныс әкеледі. Кешегі жарыс алаңы, жаттығу залы, медаль мен марапат... Бүгін – хош иісті кофе, жайлы атмосфера, ауыл жастары бас қосатын жаңа орын. Сіз Әсем Шукатованы танисыз ба? Халықаралық нәзікжандылар мерекесі қарсаңында оқырманға спорттан кәсіпкерлікке бет бұрған, әкімдіктегі жайлы кабинетін кофеханаға айырбастаған ауыл қызы  туралы мақала қызық шығар деп ойладық. 

IMG_4296

Жымпиты ауылының өз қызы Әсем Мағалымқызы 2001-2012 жылдары ауылдағы жалпы білім беретін Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектепте білім алып, 2012-2016 жылдары Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мәдениеттану» мамандығы бойынша оқыды. Мектеп кезінен бірнеше спорт түрімен айналысып, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, биіктерден көрінді.

Университетін аяқтаған кейін Әсем жұмысқа шақыруды көп күткен жоқ. Мемлекеттік қызмет менмұндалап тұрды. Бірнеше жыл Сырым ауданының әкімі аппаратында, соңғы 2 жыл Бөрлі ауданы, Ақсай қаласында дене шынықтыру және спорт бөлімінде жұмыс жасады.

Енді кәсіпкер Әсемге оралсақ. Әдетте ауылдық жердегі жастар ауыл шаруашылық дүкендер немесе шаштараз, тігін ісі секілді ғимараттарға жетекшілік етіп, кәсіп дөңгелетіп жатады. Ал өз туған жеріне кофехана ашып, ауылдағы ағайынға кофе ішу мәдениетін әкелуге қандай жүрек керек деп ойлайсыз? Әсем қызға бұл идея қайдан келді?

- 2024 жылы Бөрлі ауданының Ақсай қаласында мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрген кезімде, жаз мезгілінде саябаққа серуендеуге жиі шығатынмын. Бір күні саябақ ішінде орналасқан шағын ғана ғимараттан адамдардың қолдарына түрлі сусындар ұстап шығып жатқанын байқадым. Қызығып, ішіне кіріп көргенімде, кішкентай ғана бұрышта коктейльдер, лимонадтар дайындалып, сатылып жатыр екен. Келушілерде есеп жоқ. Сол жерде алғаш рет bubble tea ішіп көрдім. Оның ерекше дәмі маған қатты ұнады. Сол сәтте-ақ неге осындай орынды өз ауылымда ашпасқа деген ой келді.

Бұл ой Жымпиты ауылына келген сайын тіпті күшейе түсті. Құрбыларымызбен бас қосып, кофе ішкенді ұнататынбыз, алайда ауылда сапалы кофе ішіп, еркін отырып әңгімелесетін жайлы орынның  жетіспейтіні анық сезілетін.

Сонымен қатар, Жымпитыда кофе негізінен жанар-жағармай бекеттерінде және бір-екі кафеде ғана бар. Алайда бұл орындарда көбіне автоматты кофемашиналар қолданылады. Ол жерлерге бару үшін көбіне көлік қажет, ал жаяу жүретін тұрғындар, балалармен серуендеп жүрген ата-аналар мен жастар үшін бұл әрдайым ыңғайлы емес.

Осы себептердің барлығы мені туған ауылымда жаяу да, көлікпен де оңай жетуге болатын, адамдар демалып, бас қосып, сапалы кофе, лимонадтар мен bubble tea сияқты сусындардан ләззат алатын шағын әрі жылы атмосферасы бар кофехана ашу идеясына алып келді. Бұл жоба — тек кәсіп емес, ауыл тұрғындары үшін жайлы кездесу орны болсын деген ниеттен туған бастама.

Ауылда кофе мәдениеті қаладағыдай дамымағандықтан, халық қабылдайма, сұраныс бола ма деген күмән болды. Бірақ мен қорқынышқа емес, мүмкіндікке көбірек қарадым, - дейді жас кәсіпкер.

Шаруа Жымпииының орталығындағы он шақты жыл бұрын салынған ғимаратты сатып алудан бастады. Әсем алғашында үлкен ағасымен бірлесіп өз қаражатының мүмкіндігіне қарады. Кейіннен кофехананы толық іске қосу үшін 2025 жылдың мамыр айында жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиеге құжаттарын тапсырып, 2025 жылдың қыркүйек–қазан айларында 4,1 млн теңге көлемінде несие алған. Несие қаржысына кофемашина, кофемолка, тоңазытқыштар, аппараттар және жиһаздың бір бөлігі ғимарат ішінен табылды.

Бүгінде “Sunny A.” кофеханасы тұрақты тұтынушылармен жүйелі жұмыс регламентін қалыптастырды. Келіңіз, қым - қуыт тіршіліктің тізгінінде жүре бермей, бір кезек кофе жұтып отырып, ойыңызды реттеп, жоспарларыңызды таразыға тартып алыңыз. Ал, Сізді “Sunny A.” кофеханасынан сұлу қыз қарсы алады. “Шәй ішіп кетсең қайтеді, Мен ұсынған кеседен?!” - дегендей, Әсем ұсынған кофенің дәмін татпау мүмкін бе?!

 

Қ.Жеңісұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале