4.03.2026, 15:15
Оқылды: 14

Сырым ауданы: Самара - Шымкент жолының қанша шақырымы жөнделеді?!

Сырым ауданында ауылдық округ әкімдерінің есептік кездесулері аяқталды. Бірқатар жиналыстар туралы егжей - тегжей жаздық. Жосалы, Бұлдырты, Қособа ауылдық округтеріндегі кездесулер айтылған мәселелер де хаттамаға түсті, енді шешілу кезеңін күтуде. Есептік кездесулерді Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиев түйіндеді.

IMG_8793 (1)

Әрине, округ үлкен. Сондықтан, мәселелер де баршылық. Округке қарасты Өлеңті ауылынан мәдениет нысанын салу жайы айтылып жүргелі көп болды. Мейрам Қайырғалиевтің айтуынша, 2026 жылы Өлеңті ауылының мәдени спорт кешенін салуға тиісті басқармаға сұраныс берілген. Қаражат бөлінсе, құрылыс басталады.
Биыл Өлеңтіге асфальт та келуі мүмкін. М. Үмбетова, Бәйтерек, Т. Тәжібеков, М. Өтемісов және Ақдала көшелерімен өтетін ауылішілік жолдарды жөндеуге жобалық сметалық құжаттамалары жасақталып, сараптамадан өткізілді. Жоба құны жоба құңы 513,5 млн.теңгені құрайды. 2025 жылы Жымпиты, Өлеңті ауылдарында ұзындығы 10 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы құрылысын салу жұмыстары басталды.

Тұрмысының тінін малдың мойынына байлаған ауылдағы ағайын жайылымның тарлығын жиі айтады. Жымпиты ауылдық округінде жерлерді қайтару жұмысы қарқынды. 2024 жылы 1000 гектар, 2025 жылы 200 гектар мемлекет меншігіне қайтарылып, елді мекеннің жайылымдық жеріне қосылған.

Жиында тұрғындар атынан ардагер ұстаз Гүлбақша Ерғалиева сөз сөйледі. Ал, спортшы қария Еркін Шүренов халықтың мәдени шараларға қатысу белсенділігі төмендегенін айтады.

Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Тұрар Камалов аудандағы азық - түлік бағасы туралы хабарлама жасады. 2025 жылы халықтық тұтынымдағы тауарлардың құнын негізсіз көтергені үшін 8 кәсіпкерге айыппұл салынған.
Сырым аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция майоры Бекболсын Меңешов бүгінгі таңда көлікті масаң күйде басқаратындармен ымырасыз күрес жүріп жатқанын мәлімдеді. Ауылдағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалау үшін Жымпиты көшелеріне 104 камера тағылды. 2025 жылы 26 адамға масаң күйде көлік айдағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылған. Оның 4 - еуі наша тұтынған. Көлікті рұқсатсыз жүргізгені үшін 18 адам жауапкершілікке тартылған.

Қорытынды сөзді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов айтты. Аудан әкімі биыл жымпитылықтар үшін жағымды жаңалықтар көп деді. 2026 жылы Самара - Шымкент тас жолының 369 - 408 учаскесі жөнделеді. Бәсе, әйтпесе Қызылағаштың бергі жағынан анау Амансайға дейін жатқан кедір - бұдыр жол жүргізушілерді титықтатып бітіп еді. Осы жылы аудандық аурухана жаңғыртылады, тіпті ветстанция ғимараты жаңадан салынуы мүмкін. Б. Қаратаев, С. Датов, Амангелді, Жамбыл көшелеріне заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылады.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале