Бударин ауылдық мәдениет үйі ғимаратында «Қоғамдағы әйелдің рөлі: үн, ықпал, жауапкершілік» атты аудандық әйелдер форумы өтті. Тағылымды шараға аудан әкімі Мұрат Сердалин, аудандық сот төрағасы Гүлжихан Сағитова, ауылдық округтерден келген аналар мен арулар, әйелдер кеңесінің төрайымдары және қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты.

Форумның мақсаты – қоғамдағы әйелдердің рөлін айқындап, олардың үнін, ықпалын және жауапкершілігін кеңінен талқылау болды. Жиында сөз алған аудан әкімі әйел-аналардың отбасы берекесін сақтаудағы, жас ұрпақ тәрбиесіндегі және ел дамуына қосып отырған үлесіне тоқталып, қатысушыларды мерекемен құттықтады.
Форумға арнайы қонақ ретінде Казталов ауданы атынан «ҚР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» Баян Қабиева қатысты. Құрметті қонақ өз сөзінде ауыл мен ауданның дамуына әйелдердің қосып отырған үлесі зор екенін атап өтті. Ол ұстаздық жолдағы тәжірибесімен бөлісіп, ұлттық тәрбие, қыз баланың болашағы және отбасы құндылықтарын сақтау мәселелері төңірегінде мазмұнды ой қозғады. Баян Қабиеваның тағылымды әңгімесі форумға қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

Сондай-ақ ақын, ардагер ұстаз Үзілдік Елеубайқызы, ардагер ұстаз Злиха Жақсыбаева және Бударин ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Ғайни Машаева өз ой-пікірлерін білдіріп, әйел-аналардың қоғамдық өмірдегі белсенділігі жөнінде мазмұнды әңгіме өрбітті.
Форум барысында қатысушылар елдегі конституциялық реформаны қолдайтындықтарын айтып, маңызды кезеңде белсенділік танытуға шақырды.

Шара соңында бірқатар белсенді азаматшалар аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды. Әйелдер форумы – пікір алмасу алаңына айналып, қоғамдағы әйел мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды басқосу болды.
Ернәсіл Рысқалиев
Казталов ауданы