Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда төрінде барша қазақстандық әйелдерді құттықтап, олардың қоғам мен отбасы өміріндегі рөлін ерекше атап өтті. «Әйел – тіршіліктің тірегі, берекенің бастауы», – деп Президент әрбір әйелдің қоғамдағы орны мен маңызын дәріптеді.

Осы айтулы мереке күні Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласында адал еңбек етіп келе жатқан, тәжірибесі мол және әріптестері мен пациенттері арасында құрметке бөленген маман – Надежда Владимировна Васильева Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен марапатталды.

Надежда Владимировна Васильева 1988 жылы Казталов ауданы, Жалпақтал ауылында дүниеге келген. Ол 13 жылдық еңбек жолын медицина саласында өткізді. Надежда Владимировна – нағыз көшбасшы әрі ұжымының тірегі. Ол өз кәсібіне адал, әр пациентке шынайы қамқорлық көрсететін тәжірибелі маман. Дәрігер-хирург ретінде бастаған жолы оны дәрігер-онколог, маммолог ретінде дамуға жетеледі, ал кейін ұжымды үйлестіріп басқарған қабілеті оны директоры ретінде нағыз көшбасшы деңгейіне көтерді. Қазіргі таңда Казталов ауданының 2-ауруханасының директоры ретінде ол медицина саласында кәсіби үлгі болып, әріптестері мен пациенттері арасында зор құрметке ие.
Батыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасы атынан шынайы ризашылығымыз бен алғысымызды білдіреміз. Бұл марапат – тек кәсіби жетістік емес, адалдық пен жауапкершілік, адамға деген шынайы қамқорлық пен әйел рөлінің биік мәртебесінің айқын көрінісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы