6.03.2026, 23:00
Оқылды: 9

Бөрліде аудан әкімі нәзік жандыларды мерекемен құттықтады

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аудандық мәдениет үйінде мерекелік шара өтті. Мерекелік шара алдымен аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың Бөрлі ауданының белсенді әйелдерін қабылдауымен басталды.

d42a780d-c36f-408e-958f-5478138fd386

Кездесу барысында аудан басшысы нәзік жандыларды мерекелерімен құттықтап, лебізін білдірді. Әрі қарай кездесу еркін форматта жалғасты. Жиынға қатысушы волонтерлік қызметті атқарып жүрген жандар мен мемлекеттік қызметтегі арулар өздерінің атқарып жүрген істерімен бөлісіп, мерекемен құттықтап жатқан аудан басшылығына алғыстарын білдірді.
Еркін форматтағы кездесуден кейін мереке иелері аудандық демалу орталығының әзірлеген «Әйел - әлемнің ажары!» атты мерекелік шараға қатысты.

72926976-2497-4791-9127-260f855315eb

Аталған салтанатты кеш аудан әкімінің нәзік жандыларды құттықтауымен ашылды.
- Құрметті ауданымыздың аяулы да ардақты арулары! Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі - 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі салтанатты жиында сіздерге деген шынайы алғысымыз бен жүрекжарды лебізімізді білдіргім келеді. Сіздер – отбасының жүрегі, шаңырақтың шырағы, қоғамымыздың берекесі мен бірлігінің ұйытқысысыздар. Сіздер нәзіктік пен қайсарлықты, мейірім мен табандылықты, сабыр мен жауапкершілікті қатар алып жүрген жандарсыздар. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және өзге де салаларда кәсібилік пен адалдықтың үлгісін көрсетіп, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер, - деп аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов ауданымыздың нәзік жандыларын мерекемен құттықтап, аудан өмірінде әйелдер қауымының қол жеткізген жетістіктері мен зор еңбектерін бағалап, марапаттады.

dd9f3059-aa7b-4f92-bd7e-f4f6ec866207
Салтанатты кеште марапатталғандар қатарында аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған әжелер алқасының төрайымы, зейнеткер ұстаз Гүлмайрам Молдабекова, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, аудандық мектеп мұражайларының меңгерушісі Ганима Сакимова, аудандық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Бекнұр Мұсаның анасы Рима Бекмұхамбетова, “Ақсай” шекара бөлімінің 3-мобильді тобының шекарашы жүргізушісі Әсет Калешовтың анасы Айгүл Ганиева, Азаматтық қорғау кіші сержанты Ақниет Мақсоттың анасы Орынгүл Карина, “Ақсай” шекара бөлімшесінің 3 мобильдік топ барлаушы-жүргізушісі Алмаз Нұрбергеновтің анасы Жандос Мұхамбеткалиевалар марапатталды. Сондай-ақ “Аксайавтотранс” АҚ есепшісі Людмила Бурбукина, аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Әсел Имашева, КПО халықпен байланыс секторының меңгерушісі Ақмарал Тукубаева, аудандық іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Сәуле Теміртасова, аудандық орталық аурухананың бас есепшісі Гүлмира Халиуллина, Ақсай қаласының №4 ЖОББМ-нің биология пәні мұғалімі Анар Иргалиева, «Ақсайавтотранс» АҚ кадрлық жұмыс және құжаттаманы өңдеу бөлімінің басшысы Жанна Днекешеваларға да аудан әкімінің алғысхаты табысталды.

c5c8a7d2-0516-473c-8542-0f70a1fe92f9

Сонымен қатар аудан әкімі аппаратының қызметтік орын жайларды тазалаушысы Айгүл Мағзомова, аудандық орталық аурухананың ІІ дәрежелі хирург дәрігері Шолпан Джумашева, Ақсай қаласының №3 ЖОББМ-нің бастауыш сынып мұғалімі Марал Әжіғалиева, “Қазақстан” теміржол вокзалында жүк құжаттарын өңдеу операторы Дәмелі Досказиева және аудандық демалу орталығының үйірме жетекшісі Әлия Көшкінбаевалар марапат иегерлері атанды.

Әрі қарай салтанатты кеш аудандық демалу орталығының жігіттер қауымы әзірлеген мерекелік концертке жалғасты. Кеш барысында нәзік жандыларға арналған неше түрлі әндер шырқалып, көрермендер бірге қосыла айтты. Концерт аудандық демалу орталығы жігіттерінің орындауындағы «Аруларға арнау» әнімен аяқталып, мерекелік кешті тамашалауға жиналған нәзік жандыларға гүл шоқтары таратылды.

Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале