8.03.2026, 12:00
Оқылды: 80

Ауылнай бастамасы: Әр балаға 200 мың теңге

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Сатыбалды ауылында игі бастама жүзеге асты. Ауылнай Руслан Сарбаев 2026 жылы дүниеге келген балаға 200 мың теңге қаржылай сыйақы табыс етті. Салтанатты шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысты.

FB_IMG_1772909401589

Ауданымыздың Көктерек ауылдық округіне қарасты Сатыбалды елді мекенінде 253 тұрғын бар. Жыл басынан бері 4 бала дүние есігін ашқан. Салтанатты жиында жас аналар Нұрлы Қайырғалиқызы, Гүлдана Әділбекқызы, Аяжан Русланқызы, Әсел Бейбітқызына сертификат табысталды. Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы жас отбасыларды құттықтап, Руслан Самиғоллаұлына ризашылығын білдірді.

— Қазақ халқы ананы әрдайым ерекше құрметтеген. Бүгінгі шара да сол қадірлі аналарға, жас отбасыларға деген шынайы құрмет пен жанашырлықтың жарқын көрінісі деуге болады. Сатыбалды ауылының ауылнайы, ел жанашыры Руслан Самиғоллаұлы Сарбаевтың бастамасымен 2026 жылы дүниеге келген сәбилері бар 4 отбасыға 200 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіліп отыр. Бұл жаңа өмірге келген сәбилерге деген ақ тілектің, аналарға деген құрметтің, ауыл болашағына деген сенімнің белгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Табысқа жеткен әрбір кәсіпкер өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосып, қаржы салса, еліміздегі көптеген елді мекен көркейе түсері анық» деп атап өткен болатын. Бүгінгі игі ісі осы сөздің өміршеңдігін дәлелдейтін нақты қадам, — деді аудан әкімі.

FB_IMG_1772909416398

Биыл Сатыбалды ауылында 10 отбасы сәбилі болады деп күтілуде. Ауылнайдың бұл бастамасын ауыл тұрғындары да жылы қабылдап, жас отбасыларға қолдау көрсеткен азаматтарға алғыстарын білдірді.

— Ауылымыздың жанашыры Руслан ағамыздың бұл бастамасы жас отбасыларға үлкен демеу болды. «Берсең балаға бер» дейді халқымыз. Біз мұны баламыздың несібесі деп білеміз. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында осындай қуанышты сәттің куәсі болу ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар елімізде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды реформалар жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде Конституциялық реформаның маңызы зор. Сондықтан алдағы референдумға қатысып, өз таңдауымды жасауға ниеттімін, — деді Нұрлы Қайырғалиқызы елдегі саяси өзгерістер жайында пікірімен бөлісті.

Айта кетейік, Сатыбалды елді мекеніне «Қаладан – ауылға» бағдарламасы аясында 2024 жылы 1 отбасы, 2025 жылы тағы 1 отбасы көшіп келген. Алдағы уақытта тағы бір отбасының қоныс аударуы жоспарланып отыр.

Казталов ауданы әкімдігінің

баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале