11.03.2026, 11:45
Оқылды: 21

93 кәсіпорын 1 млрд теңгеге жуық жалақы берешегін өтеді

Облыста еңбек құқықтарын қорғау, өндірістегі қауіпсіздік пен әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл туралы БҚО өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы Асылұлан Досжанов баяндады.

WhatsApp Image 2026-02-27 at 16.09.50

Спикердің айтуынша, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау – құқықтық мемлекеттің басты қағидаттарының бірі. ҚР Конституциясының 24-бабына сәйкес әрбір азамат қауіпсіз еңбек жағдайына және еңбегі үшін ақы алуға құқылы. Осы бағытта министрлік жыл сайын кеңейтілген алқа отырысын өткізіп, өткен кезеңнің қорытындысын шығарып, алдағы міндеттерді айқындайды.

Биыл 24 ақпанда өткен алқа отырысында 2025 жылғы жұмыс нәтижелері сараланып, 2026 жылға арналған басым бағыттар белгіленді. Олар – еңбек қатынастарын цифрландыру, өндіріс орнында жарақат алу көрсеткішін төмендету, алдын алу, әлеуметтік қолдауды күшейту.

Арыз-шағым көбейді

Облыс бойынша былтыр департаментке 1656 өтініш түскен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 24 пайызға көп. Оның 1552-сі – жеке, 104-і – заңды тұлғалардан.

Басқарма өкілдері 95 адамды жеке қабылдаған. 720-дан астам азаматқа телефон арқылы кеңес берілген. Өтініштердің негізгі бөлігі жалақының уақытында төленбеуі, жұмыстан босату, тәртіптік жаза қолдану және еңбек демалысын беру мәселелеріне қатысты.

Өтініштер санының артуы бақылау шараларының да көбеюіне әсер еткен. Былтыр мемлекеттік еңбек инспекторлары 186 кәсіпорын мен ұйымға тексеру жүргізіп, 225 заңбұзушылық анықтаған. Оның ішінде 207-сі – еңбек қатынастары саласында, 17-сі – еңбекті қорғау бағытында, бір жағдай халықты  жұмыспен қамту саласында тіркелген.

Нәтижесінде 144 нұсқама беріліп, жалпы көлемі 16,9 млн теңгеден асатын 72 айыппұл салынған. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде 33 кәсіпорында 974,2 млн теңге көлеміндегі жалақы берешегі өтеліп, 7689 жұмыскердің құқығы қорғалды.

Жарақаттану деңгейі төмендеген

Өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылған. Облыста 183 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі бойынша халықаралық және ұлттық стандарттарды енгізген.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану көрсеткіші төмендеген. 2025 жылы 29 жазатайым оқиға тіркеліп, 37 адам зардап шеккен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір аз. Алайда екі жағдайда адам өлімі тіркелген. Екеуі де биіктен құлаған. Бір жағдайда жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз деп танылса, екінші жағдайда кінә үлесі жұмыс беруші мен жұмыскер арасында бөлінген.

Еңбек шартын рәсімдеу – басты кепілдік

Брифинг барысында спикер бейресми жұмыспен қамтудың тәуекелдеріне ерекше тоқталды. Еңбек шартынсыз жұмыс істеу жалақының кепілдендірілмеуіне, зейнетақы жарналарының аударылмауына, әлеуметтік төлемдерден қағылуға және еңбек өтілінің есептелмеуіне әкеледі.

Сонымен қатар жұмыс берушілер үшін де әкімшілік жауапкершілік көзделген. 2026 жылы айлық есептік көрсеткіш 4325 теңгені құрайды. Заңбұзушылыққа жол берген тұлғаларға 30 АЕК-тен бастап, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Қайталап бұзған жағдайда айыппұл мөлшері артады.

Еңбек қатынастарын цифрландыру аясында «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне» мәліметтерді уақтылы енгізу міндеттелген. Биылдан бастап бұл талапты сақтамаған жұмыс берушілерге де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

– Өтініштердің басым бөлігі жалақы мәселесіне қатысты болғандықтан, бұл бағыт ерекше бақылауда. Еңбек кодексіне сәйкес жалақы айына кемінде бір рет, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуі тиіс. Жалақыны кешіктірген жұмыс беруші берешек сомамен
бірге өсімпұл төлеуге міндетті. Қайта қаржыландыру мөлшерлемесіне сәйкес есептелетін бұл өсімпұл әр кешіктірілген күн үшін жүргізіледі. Бірнеше рет жалақы төлеу мерзімін бұзу қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін, – деді Асылұлан Тұрсынұлы.

Міндетті сақтандыру – ортақ  мүдде

Жұмыс берушілердің тағы бір маңызды міндеті – қызметкерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру. Бұл талап орындалмаған жағдайда, айыппұл мөлшері шағын кәсіпкерлік үшін 160 АЕК-тен басталып, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 1000 АЕК-ке дейін жетеді.

Сақтандыру полисі болған жағдайда өндірістік жарақат немесе кәсіби ауру кезінде төлемдерді сақтандыру ұйымы жүзеге асырады. Ал полис болмаған жағдайда шығынды жұмыс беруші өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті.

Брифинг соңында Асылұлан Досжанов жұмыс берушілерді, жұмыскерлерді және әлеуметтік серіктестерді еңбек заңнамасын сақтауға шақырды. Еңбек қатынастарының ашықтығы, жалақының уақытында төленуі, өндірістегі қауіпсіздік пен міндетті сақтандыру талаптарының орындалуы – өңірдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық дамуының негізі.

Еске сала кетейік, азаматтар еңбек құқықтары бұзылған жағдайда Орал қаласы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 188 мекенжайы бойынша департаментке жүгінуге құқылы.

 

Ерке Мереке,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале