11.03.2026, 12:00
Оқылды: 20

Референдум қарсаңында

Алда өтетін республикалық референдумға Батыс Қазақстан облысының дайындық барысы Орал қаласында өткен кеңейтілген жиында талқыланды.  Басқосуға Орталық референдум комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов, облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев және қадағалау құрылымдарының өкілдері қатысты. Жиында дауыс беру үдерісінің ұйымдастырушылық дайындығы, ашықтығын қамтамасыз ету және барлық санаттағы азаматтардың қатысуына жағдай жасау мәселелері қаралды.

 dab51132-81c6-461c-a7c5-5ddb08e9d5ee

Ашықтық пен жауапкершілік

Жиынды ашқан Шавхат Өтемісов референдум өткізу барлық қатысушы құрылымнан жоғары жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, негізгі міндеттердің бірі – референдумның ашықтығын қамтамасыз ету және әр азаматтың құқығын сақтау. Ол дауыс беру үдерісінің толықтай қоғамдық және халықаралық байқаушылардың бақылауымен өтетінін айтып, бұл халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін жеткізді.

– Комиссияның әр мүшесі азаматтардың дауыс беруге қатысу құқығын сақтау үшін жеке жауапкершілік арқалайды. Біздің міндет – референдум нәтижесіне қоғамның сенімі мен барынша ашықтықты қамтамасыз ету, – деді Шавхат Өтемісов.

Оның айтуынша, азаматтардың дауыс беруге қатысуын жеңілдету үшін цифрлық шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылған. Ол үшін сайлаушыларға арналған цифрлық сервистер қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, референдумға дайындық аясында азаматтарға дауыс беру учаскесінің мекенжайын жедел анықтауға мүмкіндік беретін екі онлайн сервис іске қосылады. Бірінші сервис сайлаушы учаскеге келіп, өзін тізімнен таппаған жағдайда пайдаланылады. Мұндай жағдайда комиссия мүшелері арнайы жүйе арқылы азаматтың қай учаскеге тіркелгенін анықтай алады. Екінші сервис электронды үкіметтің egov.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Кез келген азамат жүйеге кіріп, жеке сәйкестендіру нөмірін енгізіп, тұрғылықты елді мекенін көрсету арқылы өзінің дауыс беретін учаскесінің мекенжайын бірден анықтай алады. Шавхат Өтемісовтің айтуынша, цифрлық технологияларды пайдалану азаматтардың қажетті ақпаратты тез әрі ыңғайлы алуына мүмкіндік береді.

Одан соң өңірдегі референдум ұйымдастыру жұмыстары туралы аумақтық комиссияның төрағасы Әділ Жоламанов баяндады. Оның мәліметінше, облыста барлығы 503 комиссия жұмыс істейді, оның 14-і – аумақтық комиссия.  Бұл комиссиялардың құрамында 98 адам еңбек етеді, оның ішінде 46 қызметкер тұрақты негізде жұмыс істейді. Сонымен қатар облыста 489 учаскелік комиссия бар. Олардың құрамында 3117 кісі бар. Осылайша, комиссия мүшелерінің жалпы саны 3215 адамды құрайды.

Облыс орталығында 136 сайлау учаскесі орналасқан, бұл жалпы санның шамамен 27,8 пайызын құрайды. Сондай-ақ жабық учаскелер де белгіленген. Олардың саны – 14. Оның біреуі әскери бөлімде, біреуі тергеу изоляторында, ал 12-сі медициналық мекемелерде орналасқан.

– Учаскелік комиссиялар жергілікті атқарушы құрылымдардан азаматтардың тізімдерін алып, 22 ақпаннан бастап жұмысқа кірісті. Қазіргі уақытта дайындықтың соңғы кезеңі аяқталуға жақын, – деді Әділ Жоламанов.

Ол сондай-ақ 2025 жылы өңірде сайлау инфрақұрылымын оңтайландыру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Нәтижесінде сегіз жаңа учаске құрылып, сайлаушылар саны аз болғандықтан 15 учаске жабылды. Сонымен бірге 48 учаскенің шекарасы қайта қаралып, түзетілді.

6ea0ba83-c5bd-43df-b798-1735c5e52cbb

«Инватакси» дайын

Жиын барысында мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігі мәселесіне де ерекше назар аударылды. Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиевтің айтуынша, өңірде дауыс беру үшін арнайы жағдайды қажет ететін 2254 адам тұрады.

– Барлық 489 учаске ғимараттардың бірінші қабатында орналасқан. Олар пандустармен және тактильді көрсеткіштермен жабдықталған. Әр учаскеде арба пайдаланатын азаматтардың дауыс беруіне мүмкіндік беретін арнайы жасырын дауыс беру кабиналары қарастырылған, – деді ол.

Сонымен қатар құлақ мүкісі бар азаматтар үшін конституция жобасының мәтінін жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Бұдан бөлек, дауыс беру күні қозғалысы шектеулі азаматтарды учаскелерге жеткізу үшін «Инватакси» қызмет көрсетеді.

Заң  талаптарының сақталуын  бақылау

Жиынға қатысқан прокуратура және құқық қорғау құрылымдарының өкілдері референдумды дайындау мен өткізу кезеңінде заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге толық дайын екенін мәлімдеді. Облыс прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Омарғалиевтің айтуынша, өңір прокуратурасы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін заңнаманы бұзған төрт жарияланым анықталған. Олардың ішінде заңсыз сауалнама жүргізудің екі фактісі, анонимді үгіт материалдарын тарату және жалған ақпарат тарату жағдайлары бар. Тексеру нәтижесінде үш адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

– Референдумға дайындыққа байланысты прокуратура құрылымдары күшейтілген жұмыс режіміне көшірілді. Заң талаптарының сақталуын бақылау үшін жедел штаб құрылды, – деді Дәурен Омарғалиев.

Ақпарат  жедел таратылып  жатыр

Өңірде тұрғындарды ақпараттандыру жұмысы да белсенді жүргізіліп жатыр. Азаматтар үшін 14 call-орталық жұмыс істейді, Telegram-бот іске қосылған, сондай-ақ ЖСН арқылы дауыс беру учаскесін табу сервисі қолжетімді. Референдум туралы ақпарат теледидар, радио, әлеуметтік желілер және комиссиялардың ресми сайттары арқылы таратылуда. Сонымен қатар материалдар Жастар сайлаушылар клубының алаңдарында да жарияланып келеді.

3990b42c-411f-4a7d-9235-666c4ffc92f3

Наурыздың 11-і күні облыстағы барлық сайлау учаскелерінде Бірыңғай ашық есік күні өтеді. Бұл күні өңір тұрғындары учаскелерге келіп, дауыс беру рәсімімен танысып, комиссия мүшелеріне өз сұрақтарын қоя алады.

Жиынды қорытындылаған Шавхат Өтемісов облыста референдумға дайындық соңғы кезеңге жеткенін айтты.

– Дайындық жұмысы толық атқарылғанын айтуға болады. Әр комиссия мүшесі өз міндеттері мен әрекет ету тәртібін жақсы біледі. Сонымен қатар сайлаушыларға жеке шақыру қағаздарын жеткізу жұмысына ерекше көңіл бөлініп отыр, – деді ол.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда дауыс беруге құқығы бар азаматтардың шамамен 75 пайызы шақыру қағаздарын алып үлгерген. Жақын арада барлық сайлаушыларды қамту үшін оларды жеткізудің екінші кезеңі жүргізіледі.

Ұйымдастырушылар өңір тұрғындарын өз мәліметтерін сайлаушылар тізімінен алдын ала тексеріп, дауыс беру учаскесінің мекенжайын нақтылап алуға шақырады. Бұл дауыс беру күні туындауы мүмкін кідірістердің алдын алып, азаматтардың барынша ыңғайлы қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өткен кеңес өңірде референдум өткізу үшін қажетті ұйымдастырушылық және техникалық база толық қалыптасқанын көрсетті. Барлық жауапты құрылымның дайындық жұмысы заң талаптарына толық сәйкес жүргізіліп жатқанын және дауыс беру үдерісінің ашық, әділ әрі барлық азаматқа қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале