11.03.2026, 12:15
Оқылды: 37

Тонометр: Механикалық әлде электронды?

Woman checks blood pressure monitor and heart rate monitor with digital pressure gauge. Health care and Medical concept.

Сурет: istockphoto.com

– Құрметті «Орал өңірі» газеті редакциясының ұжымы! Менің тәжірибелі терапевт дәрігерге қоятын сауалым бар. Қан қысымын өлшейтін тонометрдің механикалық түрі дәл көрсете ме, әлде электронды түрі ме? Электронды тонометрмен өлшеген кезде 10-15 шкаланы алып тастау керек деп жатады. Бұл қаншалықты рас?

Айнұр  Базарғалиева,

Орал қаласы

 WhatsApp Image 2026-03-11 at 13.05.24

Қарлыға  Әжімова, Орал қалалық №6 емхананың тәжірибелі терапевт дәрігері:

– Қан қысымын өлшейтін тонометрдің үш түрі болады. Механикалық, жартылай аутоматты және аутоматты түрі. Олардың біреуін таңдағанда қолдануға ыңғайлылығына назар аудару қажет. Медицина қызметкерлерінің бәрі кәсіби механикалық түрін пайдаланады. Өйткені оны ұзақ мерзімді қолдануға болады және бағасы қолжетімді. Сондай-ақ тонометрлердің жұмыс істеуін жыл сайын арнайы мамандар келіп тексереді. Ал үй жағдайында тұрғындарға бағасы қымбаттау болса да, тиімдісі жартылай аутоматты немесе аутоматты түрі деп есептеймін. Өйткені қан қысымы бойынша дерт көбіне жасы егде тартқан адамдарда кездеседі. Олар тонометрдің механикалық түрімен өлшегенде пульстің соққанын естімей қалуы мүмкін. Ал электронды түрін қолданғанда қан қысымының көрсеткіші дисплейге шығып тұрады. Жүрек соғысында бұзылыстар болса, дауыстық белгі беріледі. Кей тонометрлерде «дневник» дейміз, таңертең, кеште өлшеген кездегі көрсеткіштер шығып тұрады.  Кейде тұрғындар «Қан қысымымды үйде аутоматты тонометрмен өлшегендегі көрсеткіш басқа еді, сіз өлшегенде өзгеріс бар» деп уәжін айтып жатады. Тонометрді қолдану ережелері бар. Қан қысымын өлшердің алдында шылым шекпеу керек. Кофе ішпеңіз. Жылдам жүріп, ентігіп келмеу қажет. Қан қысымын өлшеп жатқанда сөйлеуге, қимыл-қозғалыс жасауға болмайды. Өйткені аутоматты тонометрлер өте сезімтал. Тағы бір ескеретін жайт, қысымды өлшеу барысында қолыңыз жүрек тұсында тұруы тиіс. Яғни отырғышқа отырып, қолыңызды үстелдің үстіне, диванның шынтақ қойғышына қойып, өлшеу керек. Сонда ғана дұрыс көрсететін болады. Қаперге сақтайтын тағы бір жағдай, электронды тонометрлердің қуаты азайса, батарейкасы отыра бастаса, қате көрсетеді. Аутоматты тонометрлерде 5-10 миллиметрге артық көрсететін жағдайлар ұшырасады.

Механикалық тонометр арқылы қан қысымының көрсеткішін қалай анықтауға болатынына тоқталсақ. Манжет қолды қысқан кезде, артерия тамыры да қысылады. Сол кезде бірінші дыбыс (стук), яғни систоликалық қысым пайда болады. Жоғары қан қысымы ретінде соны қарау керек. Манжеттің ауасын жәймен жіберген кезде  ол қолды босатып, тамырлар қайтадан  қалпына келе бастайды. Тамыр соғысы (пульс )жоғалады. Ең соңғы дыбыс төменгі диастоликалық  қысым деп аталады. Осы екі дыбыс бойынша қан қысымы анықталады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале