11.03.2026, 15:00
Оқылды: 13

Бөгеттер бекітіліп, мұз кесілуде

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс  сапарымен  Бәйтерек ауданында  болып, су тасқынының алдын  алуға бағытталған  жұмыстарға қанық болды.

паводок - байтерек - аким (6)

Өңір басшысы алдымен Переметный ауылдық округі аумағындағы ұзындығы 700 метр, биіктігі 4 метрге жуықтайтын қорғаныс бөгетін көрді. Былтыр Зеленый ауылында Деркөл өзеніндегі тасқын қаупінің алдын алу үшін гидробекет орнатылған. Цифрлық кешен су деңгейін үздіксіз бақылап, барлық мәліметті орталыққа аутоматты түрде жолдайды.

паводок - байтерек - аким (3)

– Көршілес Ресей еліндегі әріптестер мен су тасқынына қатысты ақпаратпен алмасып отырмыз. Бүгінде Ирикла су қоймасында 3 млрд 200 текше метр су бар. Соның 78%-ын қалдырып, 1 миллиардқа жуығын Жайық өзеніне жіберіп жатыр. Бүгінде облыстағы су қоймалары 55%-ға  толды. Көктемде оның мөлшері 80%-ға жетеді. Себебі бұл су жаз мезгілінде ауыл шаруашылығында пайдалану үшін қажет. Облыста көктемгі су тасқынына қарсы  2000-ға жуық техника, құм толтырылған 60 тоннадай қап дайын тұр. Қаптарды 160 тоннаға дейін жеткізу жоспарланды. Өңірде 1000 шаршы метрге дейін қар шығарылды.  Қар күндіз еріп, түнде қатып, ауа райы қолайлы болып тұр, – деді Нариман Төреғалиұлы.  Өңір басшысы айтып өткендей, биыл облыста былтырғыға қарағанда қар мол түскен. Қыста тоңның қалыңдығы 30 сантиметрден 90 см-ге дейін жетсе, қазір 6 см-ге дейін төмендеген. Өзен-көлдердегі мұздың қалыңдығы 30-40 санитиметрдің айналасында. Биыл Бәйтерек, Бөрлі, Тасқала, Шыңғырлау, Сырым, Қаратөбе аудандары мен Орал қаласында 47 мың шаршы метр, яғни 83 учаскеде мұз жару белгіленген. Сонымен бірге өзен-көлдердегі  мұз  кесілуде.

Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Тоқсанбаевтың айтуынша, көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында 150 мың қап пен 950 тонна инертті материал дайындалған. Су басу қаупі бар елді мекендерден 32 мың текше метр қар шығарылыпты. Қорғаныс бөгеттері бекітіліп, өзенде мұз кесіліп жатыр. Ауданда көктемгі су тасқынына дайындық шаралары тиянақты жүргізіліп жатқанын айтқан өңір басшысы жұмысты одан әрі күшейтуді  тапсырды.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале