12.03.2026, 21:00
Оқылды: 13

Әжелердің айтары көп

Таяуда Махамбет орта мектебінің оқушылары Махамбет ауылындағы «Замандастар» клубының әжелерімен кездесіп, олардың арасында тағылымы мол кездесу өтті.

image-12-03-26-08-13-2
Айта кетейік, ауылдық кітапхана жанынан ашылған бұл клуб егде жастағы оқырмандардан құралған. 2023 жылы құрылған клуб құрамында 8 әже бар.
Клубтың негізгі мақсаты – егде жастағы адамдардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау, зейнеткерлердің рухани, мәдени және әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру. Сонымен аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесін жастарға үлгі ету арқылы ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту, қоғамдағы егде жастағы азаматтардың белсенділігін арттырып, олардың кітапхана қызметіне араласуын қамтамасыз ету болып табылады.

image-12-03-26-08-13-3
Әжелеріміздің өнері мен белсенділігі де ерекше. Олар кітап оқып қана қоймай, ән салып, би билеп, түрлі сахналық көріністер қойып, өз өнерлерін көрсетіп жүр. Бұл – олардың өмірге деген құлшынысының, мәдениетке деген құрметінің айқын көрінісі.
Іс-шарада сөз алған аталмыш клуб мүшесі Ақбалжан Мұханова апамыз бұл кездесуде балалар мен әжелерді табыстырып отырғаны кітап екендігін атап өтті. Себебі кітап – адамды жақындастырып, рухани әлемін байытатын үлкен күш.

image-12-03-26-08-13
Кездесу барысында әжелер жас ұрпаққа ақыл-кеңестерін айтып, қазіргі заман жастарының мүмкіндіктері кең екеніне, білім алып, биік мақсаттарға жетуге барлық жағдай жасалғанына тоқталды. Сондай-ақ жастар мәдениеті туралы мазмұнды әңгіме өрбіді. Әсіресе, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – қазақ халқының басты құндылығы екені баяндалды. Әжелер немерелерін, соның ішінде ұл балаларды да еңбекке баулып, түрлі үй шаруасына үйретіп жүргендерін айтып, жастарды еңбекқор болуға шақырды. Сонымен қатар ер азаматтарды құрметтеу, әкенің отбасындағы орны ерекше екендігі туралы да сөз болды. Әкеге деген сыйластық, дастарқан басындағы әдеп, үлкенді құрметтеу – отбасы тәрбиесінің маңызды бөлігі екені ерекше атап өтілді.
Содан соң әжелер ұлттық қолөнер үлгілерін таныстырды. Оқушылар құрақ құрау, ұршық иіру, жүн түту сияқты дәстүрлі өнер түрлерімен танысып, ата-бабамыздан қалған мұраның мәнін түсінді.

image-12-03-26-08-13-1
Тағылымы мол бұл кездесу өте әсерлі әрі мазмұнды өтті. Осындай кездесулер жастарға ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрдің қадірін түсіндіріп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға үлкен үлес қосары сөзсіз.

Лунара Жалелова
Махамбет ЖОББМ директордың орынбасары,
Дидара Сұлтанова
аға тәлімгер,
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале