Жақында Оралдағы Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханада Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің (ҚазИжТЖУ) ректоры, «Құрмет» орденінің иегері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, облыстық мәслихат депутаты Әліби Баяховпен «Ұстаз, ғалым, азамат» атты кездесу өтті. «Ғалымдар кітапханада» жобасы аясында өткен іс-шарада кеш иесінің Базартөбе мектебі туралы жазған «Ұстаз. Білім. Болашақ» кітабы таныстырылды.

Аталмыш іс-шараға ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, академик Ақсерік Әйтімов, БҚИТУ профессоры, филология ғылымдарының докторы, түркітанушы-ғалым Мұрат Сабыр, облыстық «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ басшысы Махамбет Сұлтанғалиев қатысты. Сондай-ақ Әліби Баяховқа мектеп қабырғасында білім берген ұстаздары, зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары мен студенттер де кездесуге арнайы келген еді.
Әліби Науханұлы 1965 жылдың 19 мамырында Ақжайық ауданы Калмыков ауылында (қазіргі Тайпақ) дүниеге келген. 1982 жылы аталмыш ауданға қарасты Базартөбе ауылындағы білім ұясынан қанат қағады. 1989 жылы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ды зооинженер мамандығы бойынша тәмамдайды. Содан кейін 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясының облыстық филиалында заңгерлік білім алады. Алғашқы еңбек жолын Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да ғылыми қызметкер ретінде бастаған. Кейін доцент, кафедра меңгерушісі, ғылым және халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі, биотехнология және ветеринария ғылыми зерттеу орталығының директоры қызметтерін атқарды. Одан соң Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде экономика және қаржы факультетінің деканы болды. 2018 жылдан бастап Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры болып табысты еңбек етіп келеді. Жоғары оқу орнында студенттерге білім беріп қана қоймай, асыл тұқымды мал селекциясы, биотехнология және энергия үндемдеу технологиялары бағытында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1989 жылдан бастап Ақжайық қой тұқымын шығару және оны селекциялық-гинетикалық тұрғыда жетілдіру бағытында ғылыми жұмыстар жүргізді. 1993 ауыл шаруашылығы бойынша кандидаттық, 2009 жылы докторлық диссертациясын табысты қорғап шықты. Нәтижесінде, жаңа селекциялық осынау отандық жетістік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 1996 жылғы 124-бұйрығымен «Ақжайық етті-жүнді кросс-бредті қой тұқымы» ретінде бекітілді. Оған қоса, 100-ден астам ғылыми еңбек пен 3 монография, Ақжайық етті-жүнді кроссбред қой тұқымы, БАЛИ-1395, БАК-4087, БҚАТУ зауыттық желілерінің және ақжайық қойларының етті типінің ауторы, 4 патент иегері.
«Батыс Қазақстан ғарыш зымыран тарихында» ғылыми жобасы аясында РФ ғарыш журналының журналисі Валентина Полетаевамен бірге ғарышкер Айдын Айымбетовты қарсы алды. Кейін «Батыс Қазақстан әлемдік ғарыш тарихында» үлкен ғылыми еңбегі жарық көріп, оның тұсаукесері дәл осы орталықта қиылды. Одан соң бұл игі шара Самара қаласында жалғасын тауып, кітап оқырмандарға кеңінен тарады.
Биыл Баяхов білім алған Базартөбе мектебінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Естеріңізге салсақ, бұл білім ұясы 4 жыл бұрын күрделі жөндеуге жабылып, оның жұмысы жүйелі жүрмей, біраз кідірген еді. Әліби Науханұлының жұмысы тұралаған әлеуметтік түрлі нысандардың ілгерілеуіне қосқан еңбегі аз емес. Соның бірі – созбалаңға салынған Базартөбе мектебі. Құрылыс жұмысын жете бақылауға алып, мердігер мекемелердің жауапкершілігін күшейту арқылы мектептің жөндеу жұмыстары қайта жанданды. Нәтижесінде, білім ошағының құрылысы жүйеленіп, жұмыстар белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіле бастады.
Іс-шара алдында ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімов кеш иесі туралы жылы лебізін білдірді.
Кеш иесінің сынып жетекшісі Алтын Қойшықызы бала Әліби болашағынан көп үміт күттірген оқушы болғанын айтты.
– Әр адамның өмірдегі алғашқы ұстазы ата-анасы деп білемін. Әлібидің әкесі Наухан ағай қарапайым, адамгершілігі мол жан еді. Ал шаңырақ шамшырағы медицина саласында еңбек етіп, жұртшылық алғысын алған. Ол кезде алыс маңға ат-шанамен қатынайтын едік. Баяховтар әулеті ауылдастары қиналған шақта атын шанаға жегіп, әрқашан көмек қолын созуға даяр тұратын. Әліби мектеп кезінен білуге, оқып-ізденуге құштар болып өсті. Мұғалімдердің айтқан әр сабағын ықтиярлықпен тыңдап, берген тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындайтын. Бұл – алдымен ата-анасының берген тәлім-тәрбиесінің жемісі. Мектепті үздік бітіріп, университетте де жұлдызы оңынан туды. Одан кейін ғылыммен өрілген ғұмыры оны жетістіктерге жетелей түсті. Бүгінде
Әлібимен мектеп мұғалімдері ғана емес, бүтін Базартөбе жұртшылығы мақтанады, – деп ұстазы сыр шертті.
Одан кейін «Ұстаз. Білім. Болашақ» кітабының лентасын Ақсерік Әйтімов пен Алтын Қойшықызы кесіп, туынды жайында пікірлерін айтты. Ақсерік Сарыұлы кеш иесінің бұл жетістігі ізденіс пен еңбекқорлықтың нәтижесі екенін жеткізіп, Баяховтың тұлғалық болмысына тоқталды.

Кездесу барысында ғалым өзінің ғылым жолына қалай келгенін, ұстаздық пен ізденістің маңызын, табандылық пен еңбектің жемісін терең әрі әсерлі әңгімелеп берді. Кітапханада «Ғалым болу: тәжірибе, ізденіс, нәтиже» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, кеш кейіпкеріне қатысты тың ақпараттар көпшілік назарына ұсынылды. Шара соңында Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық ғылыми әмбебап кітапхананың директоры Шолпан Оразаева сөз сөйлеп, ғалымға естелік сый тарту етті.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»