14.03.2026, 23:08
Оқылды: 3

Ұлы күнге бастау болған мереке

Бүгін Қисық-қамыс шағынауданында 14 наурыз – Көрісу айт мерекесіне орай «Көктем басы - көрісу» атты мерекелік шара өтті.

photo-output

Көктемнің алғашқы лебі есіп, жер бетіне жылулық әкелген аталмыш күнде барша жиналғандар қол алысып, иық түйістірді. Кішілер үлкендерге амандасып, ақтан дәм татты. Аудан басшысы Алпамыс Көшкінбаев барша тұрғындарды келіп жеткен амал мерекесімен құттықтады. Әрі қарай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Жаимов сөз сөйлеп, мерекелік шараға қаржылай қолдау білдірген кәсіпкерлерге аудан халқы атынан ризашылығын білдіріп, алғысхат тарту етті. Содан соң, ауызбіршілікті дәріптейтін қаиетті дәстүрді ұштастырған мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары әншашуын жиналған жұртшылыққа ұсынды. Ақ жаулықты әжелер мен қариялар би билеп, көңілдерін көтерді. Сондай-ақ «бір жасыңмен!» деп, бір-бірімен көрісуді де ұмытпады. Алаңда ұлттық ойындардан жарыс өткізілді. Гір көтеру, ләңгі тебу, арқан тартыс сынды спорт түрлеріне ауылдың алып азаматтары бақ сынасып, ұпай сандары бойынша жүлдеге ілікті. Концерт соңында барша тұрғын мен қонақтар киіз үй ішінде жайылған ақ дастарханнан дәм татуға кірді. Айта кетейік, бұл үрдіс аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Қайырғали Үмбетқалиұлының айтуынша, 17 наурыз күні ауылымыздың оңтүтік бағытындағы тұрғындардың басын біріктіріп, жеке кәсіпкер Ақылбек Семенов «Сары-арқа» мейрамханасының алдына киіз үй тіксе, 18 наурыз күні батыс бөлігімізде «Алаша» азық-түлік дүкені маңындағы тұрғындарға кәсіпкер Ербол Қадин мерекелік көңіл-күй сыйлайтын болады. Араздасқандар татуласып, ағайын-туыс араласатын күн... Ауыл ішіне мереке лебі сезіліп, қазақилықтың иісі аңқыған күн... Амал мерекесі құтты болсын!

Ақерке Ғилымхан

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале