Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев қалың көрерменмен бірге «Атамекен» өнер ордасында өткен «Наурыз-думан» атты мерекелік концертті тамашалады.

Облыс әкімі Жайық жұртшылығын Көрісу күнімен құттықтап, елдің елдігі мен бірлігін танытатын тағылымды мейрамның мән-маңызына тоқталды. Ол Президент бастамасымен қолға алынған «Наурызнама» онкүндігінде бүгініміз бен болашағымыз үшін маңызды қағидаттардың көрініс тапқанын атап өтті.

- Әлем әрі-сәрі күй кешкен қазіргі кезеңде бізге бірлік пен татулықтың қаншалықты құнды екенін қай-қайсымыз да терең түсініп отырмыз. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, түрлі салалардағы оң өзгерістер мен ілкімді істер – тұғырлы Тәуелсіздіктің, еңселі Егемендіктің жемісі. Ендеше осы құндылықты көздің қарашығындай қорғау, мемлекет мүддесі, халық игілігі жолында жұдырықтай жұмылып, еңбек ету – баршамызға ортақ жауапкершілік. Көрісу күніндегі көп тағылымның бірі осы, - деді Нариман Төреғалиев.

Мерекелік концертте халық әндері мен жыр-термелер орындалып, қос ішектен күй төгілді.

Өнер ұжымдары аспаптармен сүйемелдеп, бимен көркемдеді. Мазмұнды шара ақ батамен түйінделді.






БҚО әкімінің баспасөз қызметі