14 наурыз – Көрісу айт мерекесіне орай Казталов ауданында өнегелі ғұмыр иелеріне құрмет көрсетілді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында аудан әкімінің ыстық сәлемі мен ізгі тілегін жеткізу мақсатында аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Мұханбетова және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Шакуов бірқатар ардагерлердің шаңырағына арнайы барып, хал-жағдайларын сұрап қайтты.

Алдымен еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласына арнаған Хамит Ғалимұлы Даулетов мен жұбайы Карима Байшева апайдың шаңырағына ат басын бұрды. Ардагерлерді Көрісу күнімен құттықтап, аудан әкімінің ыстық сәлемін жеткізді. Хамит Ғалимұлы – ұзақ жылдар бойы агрономия саласында еңбек етіп, ауданның ауыл шаруашылығының дамуына өлшеусіз үлес қосқан азамат. Еңбегі еленіп, II дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен марапатталған. Ал жұбайы Карима апай да бухгалтерлік қызметте абыройлы еңбек етіп, ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған.
Мерекелік күні құрмет көрсетілген тағы бір шаңырақ – Максот Шайхимұлы Хайрушев мен жұбайы Батес Ғаббасқызының отбасы. Максот Шайхимұлы өмірінің басым бөлігін дайындау саласына арнап, қойма меңгерушісінің орынбасары қызметіне дейін көтеріліп, адал еңбегімен елге сыйлы болды. Ал Батес Ғаббасқызы комсомол ұйымында, кейін аудандық тұтынушылар одағында қызмет етіп, кейінгі жылдары жеке кәсіпкерлікпен айналысқан.

Сондай-ақ мереке аясында банк саласының ардагері Ақылбек Қуанышқалиев ағамыздың шаңырағына да арнайы барып, құрмет көрсетілді. Ұзақ жылдар қаржы саласында адал еңбек етіп, елдің сеніміне ие болған ардагерді Көрісу айт мерекесімен құттықтап, аудан әкімінің ыстық сәлемі мен ізгі тілегі жеткізілді. Ал жұбайы, медицина саласының ардагері Айғаным Үмбетқалиева апамыз да өмірін адам жанына араша түсетін абзал мамандыққа арнап, ұзақ жылдар бойы халықтың алғысына бөленген жан.
Кездесу барысында ардагерлерге жылы лебіздер айтылып, Көрісу айт мерекесінің мән-маңызы туралы сөз қозғалды. Қонақтар ардагерлерге мерекелік сый-сияпаттарын табыстап, ақ баталарын алды.

Көрісу күні – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетілетін ерекше мейрам. Осындай игі дәстүр арқылы елге еңбегі сіңген ардагерлерге құрмет білдіру – кейінгі буынның парызы.
Ернәсіл Рысқалиев
Казталов ауданы