15.03.2026, 6:45
Оқылды: 222

Батыс Қазақстанда референдум күні 489 референдум учаскесі жұмыс жасайды

Батыс Қазақстан облысында республикалық референдум учаскелері таңғы сағат 06:00-де жұмысын бастады. Таңғы сағат 07:00-ден өңір бойынша барлығы 489 референдум учаскесі дауыс берушілерді қабылдайды.

сайлау 2024 картинка (1)

Сурет сайт архивінен

БҚО аумақтық референдум комиссиясының мәліметінше, облыстағы 489 учаскенің 136-сы (27,8%) Орал қаласында орналасқан. Сонымен қатар жабық үлгідегі 14 учаске бар. Оның біреуі әскери бөлімде, біреуі уақытша ұстау изоляторында, ал 12-сі емдеу мекемелерінде орналасқан.

Учаскелердің басым бөлігі әлеуметтік нысандарда орналасқан. Атап айтқанда, 243 учаске білім беру мекемелерінде, 181 – мәдениет нысандарында, 33 – денсаулық сақтау мекемелерінде, 17 – спорт нысандарында, 3 – әлеуметтік мекемелерде, ал 12-сі өзге нысандарда орналасқан.

Облыс бойынша референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың саны 446 391 адамды құрайды. Дауыс беру кезінде ерекше жағдайды қажет ететін 2254 мүгедектігі бар азамат есепке алынған. Олардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында барлық учаскелер бірінші қабатта орналасқан.

«Қимыл-қозғалысы қиын мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау үшін инватакси қызметі ұйымдастырылған. Сонымен қатар онлайн сурдоаудармашылар ымдау тілі арқылы қызмет көрсетеді. Референдумды өткізуге жауапты комиссия мүшелері арнайы біліктілік семинарларынан өтті. Өңірде 489 учаскелік референдум комиссиясы бар. Комиссия мүшелерінің жалпы саны 3215 адамды құрайды. Оның ішінде 2905 адамның ірі электоралдық науқандарды өткізуде тәжірибесі бар»,-деп хабарлады облыстық аумақтық референдум комиссиясынан.

Айта кетейік, бүгін Орал қаласында референдум күні қоғамдық көліктер тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді.

 

Жайық пресс

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале