Жымпитылық Жұмағұл Молдабеков жексенбі күні де ерте тұрады. Күнмен бірге оянатын жерлесіміздің 10 шақырым жүгіріп келмей, ішкен асы бойға тарамайды. Жүгіру - ол үшін өмір. Ол өзінің өмір тәртібін бұзбайды.

Бірақ, Жұмағұл ағамыздың алдында бүгін тағы бір азаматтық міндет тұрды. Ол - дауыс беру.
Ауданымыздың желаяғы, “Syrym RUNNERS” жүгіру тобының жетекшісі Жұмағұл Молдабеков жаңа ғана №291 сайлау учаскесіне жүгіріп келіп, өз таңдауын жасады.
60 жастағы спортшы былтыр өзінің туған күнінің құрметіне Самара - Шымкент тас жолының бойымен Алғабас ауылдық округінен бастап Жымпитыға дейін 60 шақырымды жүгіріп өткен еді. Бүгін құстай үшін, дауыс беруге келді. Белсенді азаматтың бұл қадамына риза болған учаскелік комиссия мүшелері оған алғыс білдіріп, арнайы сыйлық табыстады.
Айта кету керек, Жұмағұл Молдабеков бұған дейінгі сайлау мен референдумдарда да таңғы жүгірісті тамамдаған бойда дауыс беруге жүгіріп келіп, ерекше дәстүр қалыптастырып үлгерді.
Желаяқ азаматтың бұл әрекеті тұрғындарды белсенділікке шақырып, елдік маңызды науқанға жауапкершілікпен қараудың үлгісіндей.
Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы