Орал қаласындағы №268 сайлау учаскесінде референдум күні ерекше белсенділік байқалады. Таңертеңнен бастап дауыс беруге келген тұрғындардың қарасы қалың болмаса да, баршылық. Учаскеде мерекелік көңіл күй орнаған. Ұйымдастырушылар дауыс берушілердің белсенділігін арттыру мақсатында түрлі бастамаларды қолға алған.

– Атап айтқанда, сайлау учаскесіне алғаш болып келген азаматтарға, отбасымен бірге дауыс берген тұрғындарға, егде жастағы сайлаушыларға және өмірінде алғаш рет дауыс беріп отырған жас азаматтарға арнайы сыйлықтарымыз бар. Мұндай игі шаралар тұрғындардың саяси белсенділігін арттырып қана қоймай, референдумның ел өміріндегі маңызын айшықтай түсері анық. Өйткені референдум – халықтың өз пікірін білдіріп, мемлекет болашағына қатысты шешім қабылдауға тікелей қатысатын маңызды саяси үдеріс. Сондықтан да әр азамат үшін бұл күннің орны ерекше, – дейді Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің директоры Алтынгүл Қайырлиева.
№268 учаскеде дауыс бергендердің қатарында жастар да аз емес. Солардың бірі – Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің бірінші курс студенті Ақбөкен Ермекқали. Жас сайлаушы бұл күннің өзі үшін айрықша екенін жасырмады.
– Мен жақында ғана он сегіз жасқа толдым. Бүгін өмірімде алғаш рет дауыс бердім. Қазір Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде бірінші курс студенті болып білім алып жүрмін. Референдумға келмес бұрын Конституциядағы ұсынылған өзгерістермен танысып шықтым. Соның негізінде өз таңдауымды жасадым. Бұл – мен үшін ерекше әрі жауапты сәт, – дейді ол.
Гүлжамал Жолдығали
«Орал өңірі»