Бүгін бөкейлік ағайын тек дауыс беріп, азаматтық белсенділіктерін танытып қана қайтқан жоқ. Жолай арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкеге соғып, жоқтарын түгендеп қайтты.

Ауылдық округтерде тәтті жәрмеңкесі, азық-түлік жәрмеңкесі өтсе, аудан орталығында ұйымдастырылған жәрмеңке сөресінен киім-кешек, төсек-орын, ойыншықтар да табылды.

Бұл жолы «Бек» шаруа қожалығы жылқы етін 3000 теңгеден ұсынды. Жанар Төлембаева саттыққа шығарған сүт өнімдері де пышақ үстінен бөлініп кетті.

Бұл жәрмеңкеде Алтынгүл Ғазизова, кәсіпкер Дилияра Ғабдуллина тәтті тоқаш, торт-пирогтарын, Жанболат Наурызов азық-түлік, көкөніс өнімдерін ұсынды. Ал, Шыныбек Дүйсемалиев, Мереке Насимоллиндер ұсынған кәуап та көптің көңілінен шықты.

Еркебұлан Бисенғалиев
Бөкей ордасы ауданы