Бәйтерек ауданына қарасты Янайкин ауылдық округіндегі №177 референдум учаскесінде бүгін ерекше мерекелік көңіл-күй орнады. Таңсәріден референдум учаскесіне ағылған тұрғындар арасында бір әулеттің ғана емес, тұтас ауылдың мақтанышына айналған, ақ босағаның киесін ұғынған тату әжелер мен келіндер тобы бірге келіп, өз таңдауларын жасады.

«Отаудың берекесі — татулықта, ал елдің ертеңі — бірлікте» деген ұстанымды ту еткен әже мен келіндер референдумға қатысуды азаматтық парыз ғана емес, ұрпақ алдындағы жауапкершілік деп біледі. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, референдум учаскесіне бірге келген олар жаңа Конституцияның қабылдануына қолдау білдіріп, өз таңдауларын жасады. Ибалы иіліп сәлем беріп, қоғамдық шарада белсенділік танытқан аруларымыз жаңа Конституцияның қабылдануы әрбір шаңыраққа оң өзгеріс әкелетініне сенімді.
- Біздің «Шамшырақ» әжелер ансамблінің құрылғанына 10 жылға таяу уақыт болды. Қазір құрамда 13 әжеміз бар. Референдумға келу - әр азаматтың міндеті. Біз бүгін тек дауыс беруге емес, еліміздің жаңа белесіне куә болу үшін келдік. Шаңырағымыздағы татулық — еліміздегі тыныштықтың негізі. Балаларымыздың жарқын болашағы, мемлекетіміздің іргесі берік болуы үшін біз осындай маңызды қадамнан шет қалмауды жөн көрдік. Өзімнің 4 балам, 5 жиенім бар. Солардың болашағының жарқын болуы үшін бүгін өз таңдауымды жасадым,- дейді әжелер ансамблінің мүшесі Гүлмира Абхина.
-Мен Жәнібек ауданында туып-өстім. Тағдыр жазып, осы өлкеге келін болып түскеніме алты жылдың жүзі болды. Бүгінде екі баланың анасымын. Янайкин ауылына 2024 жылы қоныс аударып, содан бері осы ауылдың дамуына мемлекеттік қызметші ретінде де, келін ретінде де өз үлесімді қосып келемін. Біздің ауылда 2024 жылы құрылған «Ұмай» келіндер тобы бар. Құрамдағы бес келін – барлығымыз бір үйдің баласындай татумыз. Біз тек той-томалақта ғана емес, елдік мәні бар мұндай үлкен саяси науқандарда да әрдайым алдыңғы шепте жүреміз. Сайлау немесе референдум күндері ақ дастарханымызды жайып, сайлаушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлау біз үшін игі дәстүрге айналған. Бұл – тек дауыс беру күні емес, бұл – ел ертеңіне деген зор сенімнің белгісі. Жаңа конституциялық өзгерістер әрбір қазақстандық отбасы үшін, әрбір шаңырақ үшін оң өзгерістердің бастауы болады деп сенемін. Еліміздің болашағы біздің бүгінгі таңдауымызға тікелей байланысты», — дейді ақжарма тілегін жеткізген Алина Өтегенова.
Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы