Бүгінгі референдум - қоғам өмірінде жаңа үміт пен жауапкершіліктің белгісі. Әсіресе, жастар үшін осы күн – өз азаматтық жауапкершілігін сезініп, ел болашағына белсенді үлес қосудың маңызды қадамы. Бұл кезең жас азаматтарға түрлі құқықтар мен жаңа мүмкіндіктер береді. Солардың бірі - референдумда дауыс беру құқығы.

Алғаш рет үлкен саяси науқанға қатысу – жастар үшін ерекше және маңызды тәжірибе. Он сегізге толған азамат алғаш рет елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, өз пікірін білдіру мүмкіндігіне ие болады.
Бүгін аудан бойынша 142 жас алғаш рет өз таңдауын жасамақшы. Солардың бірі – Сайқын ауылында орналасқан №75 учаскелік референдум комиссиясына алғаш рет дауыс беруге келген – Дәурен Жексен.
- Бүгін мен үшін өте ерекше күн. Мен 18 жасқа толып, алғаш рет референдумда дауыс беріп отырмын. Дауыс беру – жай ғана белгі қою емес. Бұл – өз еліңе деген жауапкершілікті сезіну, өз таңдауың арқылы қоғамның дамуына үлес қосу. Бүгін мен өз даусым арқылы Қазақстанның ертеңіне кішкентай болса да үлес қосып жатқанымды түсінемін. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Әрбір азаматтың дауысы маңызды деп ойлаймын. Сондықтан жастарды белсенді болып, ел тағдырына бейжай қарамауға шақырамын. Жастардың референдумға қатысып дауыс беруі – әрбір азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігінің көрінісі, – дейді Дәурен Жексен.
Алғаш рет дауыс берген азаматқа учаске төрағасы да құрмет көрсетіп, естелік сыйлық табыстады. Жас буын өкілінің белсенділігі ел ертеңіне бейжай қарамайтын саналы азаматтардың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Референдумға қатысушы аудан тұрғындары өз таңдауларын жасап, ел дамуына өз үлестерін қосуда.
Анар Артықбай
Бөкей ордасы ауданы