Сырым ауданының садақшылары Азамат Сағынғалиев пен Гүлайым Лұқпанова референдум күні өз таңдауларын жасап, дауыс беруге келді. Қолдарына садақ ұстап, ұлттық спорттың рухын асқақтатып жүрген мергендер азаматтық борыштарын орындауды да маңызды деп санайды.

Жерлестеріміз көп ұзамай Түркістан қаласында өтетін садақ атудан Азия чемпионатына жол тартпақ. Елдік шараға қатысып, дауыс беріп барып, үлкен додаға дайындалуда.
Гүлайым Лұқпанова садақ ату спортын серік еткеніне үш жылға жуық уақыт болды. Алғашқы қадамынан-ақ талантымен көзге түсіп, облыстық жарысқа қатысып, бірден республикалық деңгейге жолдама алған. Содан бері ұлттық спортқа деген қызығушылығы артып, түрлі жарыстарда бақ сынап келеді. Оның спорттағы жолына демеу болып жүрген жан — жолдасы Мұрат Лұқпанов. Ол Батыс Қазақстан облыстық құрама командасының жетекшісі. Қазіргі уақытта Шымкент қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында Азия чемпионатына дайындық үстінде.
Ал сырымдық мергендердің бірі Азамат Сағынғалиев өткен жылы өткен «Бабалар ізімен» облыстық жарысында жүлделі үшінші орынға ие болып, өз шеберлігін дәлелдеген еді.

Биыл 19–21 наурыз аралығында Түркістан қаласында садақ атудан Азия чемпионаты өтеді. Бұл беделді жарыста біздің жерлес мергендер де ел намысын қорғап, бақ сынамақ.
Сырымдық садақшылар елдік таңдауда өз дауыстарын берген мергендер енді халықаралық аренада да мергендіктерін дәлелдейді деп сенеді қалың жұрты.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы
#Референдум2026
#МенДауысБердім #ЕлімҮшінТаңдау #РеферендумғаБардым