15.03.2026, 16:43
Оқылды: 16

Бәйтеректік егіздер дауыстарын берді

 

Елімізде өтіп жатқан республикалық референдум барысында Бәйтерек ауданында ерекше әрі символикалық сәттер де тіркелуде. Солардың бірі – бірнеше сайлау учаскесінде егіз азаматтардың қатар келіп дауыс беруі. Бұл көрініс тұрғындардың қызығушылығын тудырып, ел болашағына деген жауапкершіліктің отбасылық құндылықтармен астасып жатқанын айқын көрсетті.

image-15-03-26-04-34-2

Мичурин ауылындағы №206 референдум учаскесінде егіз бауырлар Алексей мен Сергей Отт бір мезетте келіп, өз таңдауларын жасады. Бір үйдің балалары ретінде өмірде де, маңызды қоғамдық сәтте де бірге жүрген ағайындылар ел болашағына қатысты шешім қабылдауда азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті.

image-15-03-26-04-34-3

Достық ауылындағы №199 референдум учаскесінде Ербол мен Нурбол Сүндетовтер алғаш рет дауыс берді. 2008 жылдың 7 ақпанында дүниеге келген жас сайлаушылар бүгін өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, ел өміріндегі маңызды саяси оқиғаға қатысуда. Қазіргі таңда олар - БҚИИТУ-дың дене шынықтыру және спорт факультетінің 1-курс студенттері. Жастардың алғашқы дауыс беруі олардың азаматтық жауапкершілігінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Дариян ауылындағы №179 сайлау учаскесінде егіз ағайындылар Жаслан мен Асылхан Аймуратовтар дауыс берді. Медицина саласында қызмет ететін олар медқызметкер ретінде халық денсаулығын қорғауға үлес қосып жүр. Бүгін олар өз кәсібіне адал маман ғана емес, ел тағдырына бейжай қарамайтын азамат ретінде де үлгі көрсетті.

image-15-03-26-04-34

Ал Белес ауылындағы №170 сайлау учаскесінде Альберт пен Роберт Мухитовтар референдумға қатысып, өз таңдауларын жасады. Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенттері болып табылатын олар өнер жолын таңдаған жастар ретінде қоғам өміріндегі маңызды оқиғадан шет қалмай, азаматтық белсенділіктерін көрсетті.

image-15-03-26-04-34-1

Бір күнде бірнеше учаскеде егіздердің қатар дауыс беруі – бірлік пен ортақ жауапкершіліктің символындай әсер қалдырды. Бұл көрініс қоғамдағы азаматтық белсенділіктің артып келе жатқанын, әр отбасының ел болашағына бейжай қарамайтынын айқын аңғартады.

 

Бақыт Самат,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале