Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылында тұратын Жұмазия Сарымсақова әжеміз – 96 жаста. Осы жасқа жеткенше, ел тағдырына қатысты бірде-бір науқаннан тыс қалмаған кейуана бүгін үйден дауыс берді. Жасы егде тартса да, жады мықты ауыл тұрғыны осылайша маңызды науқанның ардагері атанды.

«Елімнің амандығы, тәуелсіздігі үшін, болашақ ұрпақтың жарқын кемелі үшін өз таңдауымды жасап, дауыс бердім. Мұндай ел үшін маңызды сәтте ешкім тыс қалмау керек деп білемін, солай жадымызға түйдік бала кезден. Жаңа Конституция елімізге керек пе – осы сұрақтың жауабын халық өзі береді. Осы науқанды ұйымдастырып, халықты дауыс беруге шақырған жандарға алғыстан басқа ештеңе айтпаймын. Барлығы еліміз үшін жасалып жатырған игі қадамдардың бірі. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деп бата берді кейуана.
Айта кетсек, аудан бойынша үйден дауыс беруге тұрғыннан өтініш түскен.
Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы