Бүгін С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында Наурызнама онкүндігі аясындағы «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» және «Шаңырақ» күндеріне орай Халықтық «Гүлдерайым» әжелер ансамблі мен «Ардагерлер әуені» вокалды тобының «Әз, Наурыз қош келдің!» атты мерекелік концерттік бағдарламасы өтті.

Күмбірлеген әнімен, өмірден алған мол тәжірибесімен, ақыл-парасатымен көпшіліктің ықыласына бөленген Халықтық «Гүлдерайым» әжелер ансамблі тек ән айтып қана қоймай, кейінгі ұрпаққа өнеге болып, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттап жүрген өнегелі ұжым. Ақ жаулықты әжелердің әуелете шырқаған әрбір әнінен аналық мейірім мен халқымыздың рухани байлығы сезіледі. Әжелер ансамблі түрлі байқаулар мен фестивальдерде топ жарып, жүлделі орындарды иеленіп, аудан абыройын асқақтатып келеді.

Мерекелік кеш халықтың ыстық ықыласына бөленген «Ардагерлер әуені» вокалдық тобы мен «Гүлдерайым» әжелер ансамблінің орындауындағы «Қариялар» әнімен ашылды. Сонымен қатар Әсет Бейсеуовтың «Алтыным» және «Ауылым» әндері орындалып, көрерменнің ерекше ықыласына ие болды.
Өнер – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын қазына. Сол қазынаны көздің қарашығындай сақтап, халқымыздың әні мен дәстүрін насихаттап жүрген өнерпаздар «Шаңырақ құндылығы» дәстүрін сахналап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Халқымызға өмірлік тәжірибесімен де, өнегесімен де үлгі болып жүрген «Ардагерлер әуені» вокалды тобы қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен попурри орындап, көрерменнің зор қошеметіне бөленді. Ал Халықтық «Гүлдерайым» ансамблі халық әндері «Гүлдерайым», «Дей, салдым-ай», «Халаулым-ай», «Дедім-ау», «Ақтамақ», «Дүние-ай» және Нұрғиса Тілендиевтің «Сағындым ғой» әндерін шырқап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

Сонымен қатар полиция ардагері, Қазақстанның ішкі істер органдарының «Құрметті ардагері» Қадыртай Балғынов Қазанғаптың «Көкіл» күйін шебер орындады.
Кеш соңында Асылғаным Дленова мен батыр ана, «Қазақтелеком» ардагері Ұштап Ғабдуллина халықтың «Гүл-гүл, жайна» әнін орындап, мерекелік концерттің шымылдығын жапты.

Шара соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов өнер ұжымдарына алғысын білдірсе, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ержан Құрманғалиев Халықтық «Гүлдерайым» әжелер ансамблі ұжымына алғысхат пен гүл шоғын табыстады.
Мейірім Парасат
Казталов ауданы