17.03.2026, 16:45
Оқылды: 11

Бәйтерек ауданында  тағылымды кездесу кеші өтті

Янайкин ауылындағы Т.Бигелдинов атындағы мектепте дәстүрлі «Сәтті кездесу» жобасы аясында тағылымды кеш өтті. Бұл жолғы кездесудің қонақтары – Қазақстан Жазушылар одағының БҚО өкілдігінің жетекшісі, белгілі ақын, ҚР білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің және Ы.Алтынсарин белгісінің иегері, ұстаз Дариға Мұштанова мен облыстық Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының артисі, мәдениет саласының үздігі, «Парасат» ордені мен «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Нұрлыгүл Жұбатова болды.

image-17-03-26-01-33-2

Кездесудің басты мақсаты – өңірімізде халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлердің шығармаларын насихаттау, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ оқушылардың елге, жерге және өнер адамдарына деген құрметін қалыптастыра отырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал ету болды.

image-17-03-26-01-33-4

Кеш шымылдығын ашқан мектеп директоры Жасталап Сабыров «Ақынын ұлықтаған ел бақытты» екенін, мектеп оқушыларының осындай тұлғалармен жүздесуіне мүмкіндік туғаны үлкен қуаныш екенін атап өтті.

Іс-шара барысында қонақтар туған жері, шығармашылық жолы жайында әңгімелеп, алғашқы өлеңдерін оқып, ән орындады. Оқушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, өздерінің еңбек және өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Алдағы шығармашылық жоспарларын айтты.

image-17-03-26-01-33

Кеште мектеп өнерпаздары да өнер көрсетті. Дариға апамыздың сөзіне жазылған композитор Шолпан Қадердің «Оралдың көшесінде» әнін мектептің «Бәйтерек» ансамблі орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар оқушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, жырдан шашу шашты.

 

Сәнім Берік,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале