19.03.2026, 10:00
Оқылды: 16

Алма бағы – мектептің мақтанышы

Кез келген ауылға барғанда алыстан көз тартар ерекше нысандардың бірі – мектеп.  Ауылдағы білім ошағы балаларға білім нәрін сыйлайтын жер ғана емес, тұтас бір елді мекеннің  рухани  тірегі  секілді.

директор Шолпан Какижанова

Теректі ауданына қарасты Ақжайық орта мектебінде бүгінде 581 оқушы білім алуда. Оның 246-сы – бастауыш сынып оқушылары. Біз ауылға барған сапарымызда мектеп директоры Шолпан Какижановамен сұхбаттасып, мектептің тыныс-тіршілігімен таныстық.

– Біздің мектептің басты жетістіктерінің бірі – білім сапасының тұрақты болуы.

Әсіресе, ұлттық бірыңғай тестілеуде жыл сайын жақсы нәтиже көрсетіп жүрміз. Мектеп түлектерінің 65-70 пайызы мемлекеттік грантқа түсіп, жоғары оқу орындарының студенті атанып жүр. Бұл – әрине, ұстаздар еңбегінің, оқушылардың ынта-ықыласының және ата-аналармен тығыз байланыстың нәтижесі. Барлық бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылған. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан 56 балаға қосымша қолдау көрсетіледі, – дейді мектеп директоры Шолпан Бижанқызы.

Түлектермен тағылымды байланыс

Ақжайық орта мектебінің тағы бір ерекшелігі – түлектермен байланыс үзілмейді. Жыл сайын 9 мамыр мерекесінен кейін мектеп түлектерімен дәстүрлі кездесу ұйымдастырылады. Мектеп түлектері ауыл  мектебіне демеушілік көрсетіп, түрлі қажетті заттармен көмектесіп отырады. Мәселен, мектептің жаңа жарық шамдары, спорттық құрал-жабдықтар, акт залына арналған перделер, кітапханадағы үстелдер мен орындықтар, бәрі дерлік түлектердің тартуы екен.  Кейбір түлектер мерейтойлық кездесулерде мектепке ерекше сыйлықтар ұсынады. Соның бірі – киіз үй. Бүгінде бұл киіз үй Наурыз мерекесінде және жазғы лагерь кезінде балалардың игілігіне пайдаланылып келеді. Сондай-ақ түлектердің қолдауымен мектеп ауласына велосипед тұрақтары орнатылып, түрлі ағаштар  отырғызылған.

6b70fd1a-7f6a-4c93-9b4b-2ed08f6d28ee

Мектеп ауласындағы ең ерекше нысандардың бірі – алма бағы. Бірнеше жыл бұрын 1962 жылғы түлектер отырғызған бұл бақта бүгінде 42 түп алма ағашы өсіп тұр. Әртүрлі сорттан құралған бақтың жемісін мектеп оқушылары жинап, жазғы лагерьде пайдаланады. Балаларға компот дайындалып, табиғи өніммен қамтамасыз етіледі. Алма бағын өздері баптап, күтіп ұстауға тырысатын оқушылар  бәрінің  еңбекпен  келетінін  жақсы  түсінеді.

Түлектердің туған мектебіне деген құрметі мұнымен шектелмейді. Мәселен, аталмыш білім ошағының түлегі – «Болашақ» ЖШС-ның директоры Қайдар Қощанов мектеп ауласына он түп шырша ағашын отырғызған. Кейінгі жылдары басқа түлектер де бұл игі бастаманы жалғастырып, мектеп ауласына түрлі ағаштар егуді дәстүрге айналдырған.

«Танымал тұлғалар жиі келеді»

– Мектептің тағы бір мақтанышы – үлкен мұражай.

Мұнда ауыл тарихына қатысты көптеген құнды жәдігер сақталған. Сондай-ақ осы ауылда туып-өскен белгілі  ақын Ақұштап Бақтыгерееваға арналған арнайы кабинет ашылды. Бұл кабинет ақынның 75 жылдығына орай ұйымдастырылып, бүгінде оқушылар үшін рухани тәрбие орталығына айналды. Мектеп өміріне өңірімізге белгілі тұлғалар да жиі араласады. Мәселен, осы ауылдың тумасы, танымал актриса Әсел Мәмбетова мектеп шараларына қатысып, жастарға қолдау білдіріп келеді. Ал ақын Ақұштап Бақтыгереева ауылға келген кезде мектепке де бас сұғып, оқушылармен жиі  кездесіп тұрады, – дейді мектеп директоры.

Қазіргі таңда мектепте 69 мұғалім еңбек етеді. Жалпы қызметкерлер саны – 126. Сонымен қатар мектеп жанындағы интернатта шалғай ауылдардан келген 34 оқушы жатады. Мектеп оқушылары аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі білім мен өнер сайыстарына белсенді қатысып, биік белестерді бағындырып келеді. Биылғы оқу жылында мектептің екі оқушысы республикалық білім додасында топ жарып, жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар 10 оқушы облыстық байқауларда, 24 оқушы аудандық білім сайыстарында алдыңғы орындардан көрінді. Ал 63 оқушы түрлі деңгейдегі өнер байқауларында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, мектеп мерейін үстем етуде.

Ұйымшылдығы жарасқан ұжым

Мектеп директорының әңгімесінен байқағанымыз, білімнен бөлек, оқушылардың спортқа қызығушылығы да жоғары. Мектепте екі спорт залы бар. Бірінде күрес пен дзюдо секциялары жұмыс істейді. Жас спортшылардың арасында республикалық жарыстарға қатысып жүргендер де бар. Ал дене тәрбиесі пәнінен сабақ беретін жас маманның бастамасымен оқушылар волейболмен белсенді айналысып, кешкі уақытқа дейін жаттығу өткізеді. Сондай-ақ білім ошағында қауіпсіздік пен тәрбие мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді екен.  Соңғы жылдары мұнда «Жас құтқарушы» клубы ашылып, оқушылар төтенше жағдайларда әрекет  ету  дағдыларын  меңгеруде.

07c30bac-310d-4ba1-a4cf-2e9d8f1b714e (1)

Мектеп ұжымы тек білім берумен шектелмей, әлеуметтік мәселелерге де бей-жай қарамайды. Мұғалімдер ауыл тұрғындарына қолдау көрсетіп, түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеді. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға киім-кешек пен азық-түлік жеткізу игі дәстүрге   айналған.

Білім ошағының директоры Шолпан Бижанқызы да осы мектептің түлегі. Ол бұл жерде 37 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ұзақ жылдық тәжірибесі бар ұстаз үшін мектеп – жай жұмыс орны емес, тұтас өмірінің бір бөлігі. Біз ол кісіден «Мектеп директоры болу қиын ба?»  деп сұрадық.

5043ca26-5865-43d5-bf4d-01ef9ea112ae

– Мектеп директоры болу – үлкен жауапкершілік. Бұл жұмыс күн мен түнді таңдамайды. Әр баланың тағдырына алаңдайсың. Таңертең ерте келіп, оқушыларды кіреберістен өзім қарсы аламын. Өйткені мен үшін оқушылардың көңіл күйі маңызды. Мектептегі барлық баланы аты-жөнімен жақсы танимын. Себебі ауылдың тыныс-тіршілігін де солар арқылы білуге болады, – дейді мектеп басшысы.

Бүгінде Ақжайық орта мектебі ұстаздардың адал еңбегі, түлектердің қолдауы мен оқушылардың талпынысының арқасында айналасы түрлі ағаштарға, мектеп қабырғасы түрлі алғысхаттарға толып, жарқырап-жайнап тұр. Береке-бірлігі жарасқан мектеп ұжымына біз де өз тарапымыздан  сәттілік  тілейміз.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»,

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале