18.03.2026, 15:00
Оқылды: 54

Қой жүнінен дайындалған киім-кешек денсаулыққа пайдалы

18 наурыз – «Ұлттық  киім» күні

 

Жуырда Оралдағы бір сауда  үйіндегі лашықтан (бутиктен) қыз-келіншектерге арналған  жүннен  басылған  сәнді көйлектерге  кез болдық.  Ұлттық нақышта тігілген  киімдердің  арасында ерекше  көзге  түскен  жеп-жеңіл, әдемі көйлектерді  қолөнерші, тігінші Айнагүл Халықова дайындаған екен. 

Айнагүл 1

Қолөнерші Айнагүл Халыққызының айтуынша, көйлектің ерекшелігі – меринос қойдың жүнінен, яғни биязы жүннен жасалған және жылуды жақсы сақтайды. Жүннің ауа өткізгіштік қасиеті өте жоғары болғандықтан, терінің демалуына, дене температурасын реттеуге мүмкіндік береді. Адамды ысылатпайды. Жасалу жолы да қызық, себебі ешқандай тігісі жоқ. Бүйірінен де, иығынан да тігілмей, тұтас пішіледі. Иленген жүн киізге ұқсап, тұтас киім болып шығады.

– Мен қолөнердің ең көне түрі киіз басу деп ойлаймын. Себебі Алтай таулары маңындағы біздің дәуірімізге дейінгі V-ІV ғасырда салынған Пазыр қорғанынан киіз текемет, киіз үйдің элементтері табылған. Халқымыз ежелден жүннен түрлі бұйымдар жасап, киімдер басқан. Матадан тігілген көйлектердің белгілі бір өлшемі бар. Ал жүннен басылған киімнің бір қызығы, адамның фигурасына сай қалыпқа өзгереді. Мысалы, 44-46 өлшемдегі көйлектің киімін 48 өлшемдегі адам кисе, соның дене бітіміне сай қалыпқа түседі. Бірақ солай бола тұра, адамның денесін қыспайды. Бұл жерде жүнді пайдаланудың өзіндік техникасы бар. Оны созылмалы етіп те, созылмайтын етіп те салуға болады. Жүннің талшықтарының ұзындығы – 10-15 сантиметр. Егер көйлекті дайындағанда талшықты қиғаштап салса, оңай созылады. Көйлектің астарына жұқа мәрлі салынады. Жұп-жұқа жүн көйлекті басқанда  шикізат тегіс болуы үшін оны үлбіретіп, біркелкі орналастыру керек, – деді қолөнерші. Оның айтуынша, бір көйлекті дайындауға 300 гр жүн қажет. Жеп-жеңіл, сәнді бір көйлекті дайындауға бір апта кетеді.

Айкербез (10) (1)

– Қазір жүннен жасалған киімдер мен бұйымдар жаппай сұранысқа ие деп айта алмаймын. Себебі жан-жақты насихаттап көрсетпесе, олардың қаншалықты пайдалы екенін ешкім білмейді. Десе де, жүннен дайындалған шапандарға, бас киімдерге тапсырыс беретіндер бар. Бірнеше жылдан бері байқағаным, қанша жұқа болса да, мұндай киімдер өте жылы. Жүннен дайындайтын бұйымдар мен киімдерді емдік мақсатта да пайдаланатындар бар. Тамағы, қалқанша безі ауыратындар жүннен моншақ, шарф, белдемше жасатады. Бірнеше жылдан бері киіз тақия басамыз. Оны көбінесе ер-азаматтар сатып алады. Біздің тұрақты тұтынушыларымыз бұл тақиялар қан қысымын реттейтінін айтып, ризашылықтарын білдіріп жүр. Себебі қылшық жүннен жасалған тақия бас терісін тітіркендіріп, яғни қышытып, қан айналымын жақсартады, – деді шебер. Айнагүл Халықова кәсібіне қажетті жүнді Тараз қаласындағы жүн өңдейтін фабрикадан алады екен. Ал облыстағы қара қойлардың жүні қатты, тығыз болғандықтан, киіз басуға, байпақ басуға қолайлы дейді.

– Мұндай қолөнерді, экологиялық таза өнімдерді мәдениет саласындағы мекемелер насихаттауы керек деп ойлаймын. Оқушыларға, көпбалалы аналарға, қыздарға тегін шеберлік сағаттар өткізсе, мектептерде үйірмелер ашылса, жөн болар еді. Негізі, кішкентай қыздарға үйреткен дұрыс. Себебі олардың есінде мәңгі сақталып қалады. Қазір түрлі экожобалар қолға алынып жатыр. Жүннен жасалған киімдерді де осындай жобалар аясында насихаттауға болар еді. Өйткені табиғи таза өнімнен дайындалатын киімнің денсаулыққа пайдасы зор. Өңірде шикізат бар, қолөнершілер де көп. Енді осы бағытта өнім өндіру ғана қалды.  Ол үшін қаражат қажет. Осындай игі істі ұйымдастыратын адамдар керек, – деген Айнагүл Халыққызы қалаған адамға жүннен киім дайындауды ақылы да, ақысыз да үйретіп жатқандарын айтты. Бүгінде қолөнерші өзі секілді өнерлі жандармен бірлесіп, «Айкербез» қолөнер және ұлттық киім орталығында жұмыс  істейді.

Айнагүл Халыққызы 2018 жылдан бері сырмалы шапан тігіп жүр. Қолөнерші айтып өткендей, сырт киім саналатын шапанның түрлері көп. Түйе жүн салып сырып тігілгені жадағай деп аталады. Түйе жүнінен жіп иіріп, тоқып, сол матадан ер адамға арнап тігілген сырт киімді шекпен дейді. Шапанның етегі кең пішіледі. Шапан жылы, жеңіл, жазда күннен, қыста суықтан қорғайды.

Гүлжан (1) (1)

«Айкербез» қолөнер және ұлттық киім орталығындағы қолөнершінің бірі Гүлжан Есмадьярова жүннен тақия асады.

– Тақияның бірнеше түрі бар. Олар аймаққа, оюына және пішініне қарай ерекшеленеді. Мен қойдың жүнінен домалақ, қасаба тәріздес тақия басамын. Біздің облысқа тән тақияның төбесі төрт қырлы немесе дөңгелек болып келеді. Кейбір оюлар жиі кездеседі. Мысалы, түйетабан – күш пен төзімділіктің белгісі болса, ирек ою өмір жолын, қозғалысты білдіреді. Ал өсімдік тәрізді оюлар табиғат пен өсіп-өркендеуді кескіндейді. Тақияға сұраныс бар. Оның пайдасын түсініп, екі-үш рет, тіпті 5 рет тапсырыс беріп жатыр. Бүгінде тақияны мерекелік іс-шараларда ерлер мен әйелдер, тіпті балалар да киіп жүр. Тақия – қазақтың ұлттық бас киімдерінің бірі.

Бұл бас киім адамның жас ерекшелігін білдіреді, қорғаныш қызметін атқарады.

Айкербез (3)

Осыдан бірнеше жыл бұрын тақия кию трендке айналып, сапасыз тақиялар көбейіп кетті. Ұлттық киім кию, меніңше, сән әрі ұлттық құндылықты насихаттауда да маңызы зор, – деген Гүлжан Кенжеғалиқызы тақияның денсаулыққа пайдасына да тоқталды. Жүн жылуды жақсы ұстайтындықтан басты тоңдырмайды. Табиғи жүн бас терісін терлетпейді. Ылғалды, яғни терді сіңіріп, бас құрғақ болып  тұрады.

Қолөнер шебері айтып өткендей, қазір тақияны қыздар да, келіншектер де киеді. Біз осы ретте этнограф-ғалым Тәттігүл Қаратаеваның тақияға  қатысты бір-ауыз сөзін білген едік. Ол байырғы кезде қазақтардың бас киімі жас ерекшелікті, статусты көрсеткенін атап  өтті.

– Мысалы, жас, бойжеткен қыздар тақия киген. Ал келіншектердің бас киімі тақияның жетілген түрі – қасаба. Оның артқы жағында желкелігі болады. Одан соң келіншек басына ақ жаулық салған. Ал кимешекті екі-үш балалы болған әйелдер киген. Қазір кимешекті хиджаппен шатыстыратындар бар. Хиджап – Шығыс Азияның, Батыс Азияның экологиялық ерекшелігіне қарай қалыптасқан киім. Себебі ол жақта күн ыстық, жер құмды. Қазақ халқының ұлттық киімдері өте күрделі. Жастық ерекшелікке қатысты киімдердің ішінде балалардың киімінің өзі бөлек ғылым, – деді  ғалым.

Жоғарыда қолөнершілер жүннен басылған киімнің денсаулыққа пайдасы жөнінде айтып өткен еді. Олардың бұл сөзін «Қой жүні: дәстүрлі білімдер мен дағдылардағы өзіндік ерекшелігі және пайдалы тұстары» деген ғылыми еңбек қуаттай түседі. Бұл – «БҚУ хабаршысы» ғылыми журналының былтырғы №4 санында жарияланған еңбек (https://bulletin.wku.edu.kz/). Ауторлары – ҚР Ұлттық музейіндегі мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері Г. Онаева, Н. Қадырымбетова және Н. Елкей. Ғалымдар қой жүні мен терісінің пайдалы қасиеттерін ғылыми негізде жан-жақты атап көрсеткен. Мәселен, төсекке таңылған науқастардың денесінде пайда болатын ойық жараға қой терісін пайдаланғанда сол жердегі қысымды реттеуге ықпал еткен. Ал қой жүнінің үстіне жатқызғанда сәби тынышталып, денесінде пайда болған бөртпелер жазылған. Осыдан кейін ұйқысы да тынышталған. Сонымен қатар шала туған нәрестелерді әрдайым қой жүнінен жасалған жөргекте ұстаған. Өйткені онда бірқалыпты температура сақталады және жөргекте өскен сәби бактериялы, вирустық инфекциямен, тері ауруларымен сирек ауыратыны анықталған. Ғалымдар қой жүні нәрестенің бассүйекішілік қысымын қалыпқа келтіріп, қан айналымын бірқалыпты күйге келтірген деген деректі алға тартады. Ал Аустралия мен Жаңа Зеландияның байырғы халқы дімкәс, шала туған балаларды қойдың жүнімен орап, күтім жасаған екен.

Ғалымдардың айтуынша, қой жүнінің тағы бір ерекшелігі, оның шайырын жуған судан «ланолин» деп аталатын құнды шикізат алынады. Оны көбінесе косметика мен фармацевтикада қолданады. Ланолиннің аллергияға, ісінуге және қабынуға қарсы әсері бар. Сонымен қатар бет терісінің күтіміне арналған түрлі косметикалық бұйымдар, жақпа майлар мен дәрілік препараттар дайындауда кеңінен қолданылады. Ланолиннің құрамында табиғи антисептикалық қасиеті болғандықтан, жараларды емдеуге де пайдаланады.

Қарап отырсақ, қой жүнін кәдеге жаратып, ұлттық киім мен өнерді ұлықтаған қолөнершілердің еңбегі адамның денсаулығына да пайдалы болып отыр. Ал ұлттық нақыштағы киімдердің астарында терең мән-мағына жатыр.

Ясипа Рабаева,

 «Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале