18.03.2026, 11:30
Оқылды: 35

БҚО-да республикалық жолдарда су басуы мүмкін учаскелер бар ма

Батыс Қазақстан облысында халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 1 349 шақырым. Көктемгі тасқын кезінде осы жолдардың су басуы мүмкін тұстары бар ма, бұл жөнінде Kazinform тілшісіне «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалының бөлім басшысы Дәурен Әміров айтып берді.

снег кар тазалау шынгырлау

Сурет сайт архивінен 

Дәурен Манарбекұлының сөзіне қарағанда, аталмыш автомобиль жолдары желісінде жалпы ұзындығы 6 796 метр болатын 50 көпір және 525 су өткізу құбыры (жалпы ұзындығы – 10 714 метр) орналасқан.

2026 жылғы көктемгі тасқын кезеңінде еріген және тасқын сулардың қауіпсіз әрі кедергісіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында филиал халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қауіпті учаскелерін дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «ҚАЖсервис» ЖШС-мен келісіп бекітті.

Оның айтуынша, 2024 жылы Ақтөбе-Орал-РФ шекарасы («Сырым» өткізу бекеті) және Подстепный-Теректі-РФ шекарасы («Ақсай» өткізу бекеті) автомобиль жолының үш учаскесінде су басу деректері орын алды. Атап айтқанда, сол жылы 26 наурызда Ақтөбе-Орал-РФ шекарасы автожолының 479-шақырымында су (ені 50 метр, биіктігі 10 см) шығып кетті.

– Сол секілді 2024 жылы 31 наурызда Подстепный-Теректі-РФ шекарасы жолының 11 (ені 80 метр, биіктігі 5-9 см) және 13-шақырымы (ені 170 метр, биіктігі 30-40 см) тұсында су басты. Осы жолды реконструкциялау жобасы аясында 11 және 13 км-де диаметрі 0,7 метр болатын су өткізетін екі көзді темір құбырларды қосымша орнату туралы шешім қабылданды. Аталған учаскелерде жыл сайын көктемгі тасқын кезінде жолды су басу жағдайлары тіркеліп отырған. Құбырлар орнатылғаннан кейін тасқын кезінде су басу қаупі болмайды, жасанды құрылыстар толыққанды жұмыс істейді, – дейді Д.Әміров.
Дегенмен маманның мәлімдеуінше, қазіргі уақытта БҚО бойынша халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдары желісінде еріген сулардың басу қаупі бар 1 учаске анықталған. Ақтөбе–Орал–РФ шекарасы автомобиль жолының 479-шақырымы (4,0×2,5 метр тюбинг орналасқан) ерекше бақылауды қажет етеді.

Осы учаскеде төтенше жағдай туындаса, жедел әрекет ету және олардың алдын алу мен жою шараларын уақытылы қабылдау үшін мердігер ұйым – «ҚАЖсервис» ЖШС күшімен тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады.

Филиал мәліметіне қарағанда, биылғы тасқын кезеңінде жұмыстарды уақытылы ұйымдастыру және орындау мақсатында жолдарды күтіп-ұстау аясында қажетті материалдық ресурстар, соның ішінде 400 тонна құм-қиыршықтас қоспасы және 1 мың тонна қиыршықтас дайындалды.

Сонымен қатар авариялық-қалпына келтіру және алдын алу шараларын жүргізу үшін 32 арнайы техника (5 тиегіш, 10 самосвал, 6 автогрейдер, 8 трактор және 3 жол жөндеу қызметі техникасы) әзірленді. Сондай-ақ 25 мың қап, 150 күрек (75 дана қалақ күрек, 75 дана үшкір күрек), 50 сигналдық бағана және 180 тонна жанар-жағар май (90 тонна бензин және 90 тонна дизель отыны) сатып алынды.

– Еріген және тасқын суларды жедел айдау үшін 5 мотопомпа бар, қажет болған жағдайда олар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ең осал учаскелерінде қолданылады. Тасқын сулардың кедергісіз және уақытылы өтуін қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылдың 15 наурызына дейін барлық су өткізу құбырлары түгелдей ашылды. 16 наурыздағы мәлімет бойынша 477 су өткізу құбырының 52-сі қауіпті болып есептеледі. Сондықтан филиал тарапынан су тасқынына байланысты тұрақты мониторинг жүргізіліп, тәулік бойы патрульдеу ұйымдастырылады. Оған қоса су басуды жою, жер төсемінің шайылуын болдырмау және су өткізу құбырларының тесіктерін алдын ала ашу бойынша жедел жұмыстар атқарылады, – деп қосты бөлім басшысы.

Өткен жылы көктемгі тасқын кезеңінде БҚО бойынша халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдары учаскелерінде су басу және шайылу деректері тіркелген жоқ.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале