18.03.2026, 21:14
Оқылды: 6

Жаңақалада тарихи-танымдық конференция өтті

Бүгін Жаңақала аудандық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен 16-18-ғасырларда өмір сүрген қазақ жырауы әрі батыр Жиембет Біртоғашұлының 450 жылдығына арналған «Сөйлесе сөздің көсемі» атты тарихи-танымдық конференция өтті.

image-18-03-26-05-30

Кіші жүздің Байұлы тайпасының Тана руынан шыққан жырау жастайынан ел билігіне араласып, талай ұрыстарда ерлік көрсеткен. Есім ханның бас қолбасшыларының бірі болған оның жырлары «Бес ғасыр жырлайды» үш томдық жинаққа енген. Конференцияның алғысөзі аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиеваға берілген соң, кітапханашы Саят Ермекқызы тақырыпқа сай жасақталған кітап көрмеге библиографиялық шолу жасады.

image-18-03-26-05-30

Кейін мектеп оқушылары жыраудың өлеңдерін жатқа оқып, қалың қошеметке ие болды. Кезек хан алдында да, халық алдында да тайсалмай сөйлеген Жиембет Біртоғашұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы баяндама легіне берілді. Алғашқы боп Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Закария Сисенғали мінберде сөз сөйлеп, сөз соңында Жиембет ұрпақтарына жыраудың рухына Құран бағыштап, басына мазар орнатуды ұсынды. Одан кейін жырау ұрпағы Кенжебек Темірғазиев, аудандық кітапхана жүйесінің құжаттарды өңдеу және жинақтау бөлімінің меңгерушісі Сәуле Ихсанова, балалар әдебиет бөлімінің меңгерушісі Райгүл Бисенбиева, Көпжасар ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы Кәрима Дәулетиярова мен тарих пәнінің мұғалімі Бекзат Кеңес аңыз иесі жөнінде біраз құнды деректер келтірді. Жиын барысында модератор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жанайдар Болатбекұлы да көпшілікке өз пікірін білдіріп, жырауды ұлықтауды мектептен бастап, дәстүрлі «Жиембет оқулары» байқауын ұйымдастыруды, жыраудың шығармашылығы арнайы факультативтік сабақтарға енгізіліп, заманауи форматта жаңғырып, әлеуметтік желілерге жүктелсе деген ойын ортаға салды. Баяндамашылардан соң Ақжайық ауданынан арнайы келген, ел мүддесін еншісіне алған сөз зергерінің ұрпағы Баймұрат Темірғазиев ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, аталған ұсыныстар қолға алынатынын жеткізді.

Айзада Ақбасова

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале