Көктем – тіршілік атаулының жанданып, табиғаттың жаңаратын ерекше мезгілі. Бұл мезгіл әсемдік пен нәзіктіктің, шаттық пен мерекенің символына айналған. Осындай көркем шақта Тасқала аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен нәзік жандылар арасында «Тасқала аруы – 2026» атты мерекелік байқауы жоғары деңгейде өтті.

Байқаудың басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптеу, қыздардың өнері мен білімін, тапқырлығы мен шығармашылығын таныту болды. Көрермендерге ерекше әсер сыйлаған бұл сайыс төрт кезеңнен тұрды.

Мерекелік шарада Тасқала аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез қатысушыларды құттықтап, оларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде:
«Құрметті арулар! Сіздер тек сұлулықтың ғана емес, ақыл мен парасаттың, ұлттық құндылықтардың жарқын үлгісісіздер. Осындай байқаулар арқылы қазақтың салт-дәстүрі жаңғырып, кейінгі ұрпаққа насихатталады. Әрқайсыңыз өз ортаңызда үлгі боларлық тұлға болып, ел дамуына үлес қосады деп сенемін. Бүгінгі додада барлығыңызға сәттілік, шабыт және жарқын жеңістер тілеймін!» – деп ізгі тілегін білдірді.
Аталмыш байқауда әділқазылар алқасы да таныстырылды. Олардың қатарында әжелер алқасының мүшесі Алия Мәулетқызы, Тасқала аудандық мәслихат төрағасы Жанар Нұрболатқызы және «Фатима фуд хаус» кафесінің іргесін қалаушы Жанбота Серікқызы болды.
Алғашқы кезең – сәлемдесу, онда қатысушылар өздерін таныстырып, сахна мәдениеті мен өзін-өзі ұстау шеберліктерін көрсетті.
Екінші кезең – «Қазақ салт-дәстүрлері», бұл айналымда аруларға ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлер мен сөз мағыналарына қатысты сұрақтар қойылып, олардың танымы мен білім деңгейі сыналды.
Үшінші кезең – «Үй тапсырмасы», қатысушылар өз қолдарымен дайындаған ұлттық тағам түрлерін таныстырып, қазақ дастарқанының байлығын паш етті.

Соңғы кезең – «Ұлттық киім», бұл айналымда қыздар жасанды интеллект көмегімен әзірленген ұлттық киім үлгілерін таныстырып, заманауи технология мен дәстүр сабақтастығын көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша 3-орынды Достық ауылының тумасы Мейрамгүл Хамзина ие болды, ал 2-орынды - Гүлбақыт Бекбулатова Атамекен ауылының тумасы қанжығасына байлады, 1-орынға - Жұлдыз Бөгенбай Мереке ауылының аруы ие болды. Қатысушы арулар номинациялармен марапатталып, алғысхаттармен,сыйлықтарға ие болды.

«Тасқала аруы – 2026» байқауы ұлттық дәстүр мен заманауи көзқарасты ұштастыра отырып, көрермендерге ерекше әсер сыйлаған тағылымды әрі мазмұнды шара болды.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы
Отправлено из мобильной Почты Mail