19.03.2026, 15:00
Оқылды: 19

Энергетика министрлігі мен қытайлық компания Ақтауда бу-газ қондырғысын салу туралы келісімге қол қойды

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «Ақтау энергетика компаниясы» ЖШС Ақтау қаласында қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысын (ПГУ) салу жөніндегі инвестициялық келісімге келді.

_gluster_2026_3_19_b26c5e3332d0fd3e724be7036f4b4245_1280x720

Құжатқа ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен «Ақтау энергетика компаниясы» ЖШС-ның басшысы Гэ Личунь қол қойды. Ақтау энергетика компаниясы 2024 жылы Қытайдың ірі энергетикалық корпорацияларының бірі China Huadian Corporation компаниясымен бірлесіп құрылған.
Жобаның жалпы құны шамамен 108 млрд теңгені құрайды. Қаржыландырудың 70%-ын қытайлық серіктес қамтамасыз етеді. Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты алаңында салынатын бу-газ қондырғысын іске қосу 2027 жылдың маусымына жоспарланған.
Келісімге сәйкес, 300-ден астам жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ қазақстандық мамандарға Қытайдың салалық жоғары оқу орындарында «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша магистратурада білім алу үшін жыл сайын гранттар бөлінеді. Бұдан бөлек, кадрлардың біліктілігін арттыру және үздіксіз оқыту жүйесі енгізіледі.
Келісім мерзімі аяқталғаннан кейін бу-газ қондырғысы «МАЭК» ЖШС теңгеріміне өтеусіз беріледі. Жоба өңірдегі қуат тапшылығын азайтып, электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға және батыс энергетикалық жүйенің тұрақтылығын күшейтуге бағытталған. Сондай-ақ компания бұған дейін «МАЭК» ЖШС-нің қолданыстағы қуаттарын кеңейту жұмыстарын бастаған болатын.
Жалпы ел аумағында бүгінде 4 бу-газ қондырғысының құрылысы жүргізілуде. Жаңа қондырғылар оңтүстік өңірлерді электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Қызылорда облысында қуаты 240 МВт болатын бу-газ қондырғысын іске қосу, реттеу кезеңінде тұр. Түркістан облысында қуаты 1 ГВт болатын ірі жоба құрылысы жүргізілуде. Ал Алматы қаласында ЖЭО-2 және ЖЭО-3 алаңдарында жалпы қуаты 1,1 ГВт болатын заманауи болатын бу-газ қондырғысы салынып жатыр. Бұл қаланы сенімді әрі экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале