Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Орал өңірі» газеті редакциясының қызметкерлері жылдағы игі дәстүр бойынша бір-біріне гүл сыйлады. Ұлттық мерекенің мәні мен мазмұнын терең түсінген әріптестер бұған дейін, яғни наурыз айы басталғалы «Ұлттық киім» айлығын жариялаған болатын. Енді кеше бір-біріне ізгі тілектерін айтып, өз қолымен өсірген бөлме гүлдерін сыйға тартты.

Бұл – жай ғана сыйлық алмасу емес, табиғатпен үндескен, мейірім мен ықыласқа толы ерекше дәстүр. «Әріптестерге гүл сыйлайық!» акциясы аясында ұжым мүшелері алдын ала жеребе суырып, кімге кімнің сый жасайтынын анықтап алды. Әрқайсысы өздері баптап, күтіп өсірген гүлдерін жаңа иесіне табыстады.
Осымен оныншы жыл қатарынан ұйымдастырылған игі іс-шараға ұжымның үлкен-кішісі бірдей белсенді түрде қатысты. Газеттің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллиннің бастамасымен жүзеге асқан бұл дәстүрді әріптестеріміз асыға күтеді. Шынында да, бұл игі дәстүрдің астарында терең мән жатыр. Гүл – тіршіліктің, жаңарудың, көктемнің символы. Ал оны өз қолыңмен өсіріп, өзгеге тарту ету – жан жылуын бөлісу, табиғатқа деген жанашырлықты дәріптеу.
Осындай қарапайым, бірақ мағыналы бастамалар арқылы «Орал өңірі» ұжымы Наурыздың шынайы болмысын – татулық пен мейірімді, жаңару мен жақсылықты дәріптеп келеді. Бәлкім, дәл осындай шағын игі істер үлкен өзгерістердің бастауы болар. Ал гүлден басталған бұл дәстүр көңілдерге нұр сеуіп, қоғамға ізгілік дәнін егуді жалғастыра бермек.
Жанерке Ғинаят,
«Орал өңірі»