20.03.2026, 14:20
Оқылды: 97

«Батаменен ел көгерер»

Орал қаласындағы облыстық халық шығармашылығы орталығында «Батаменен ел көгерер» атты республикалық батагөйлер байқауының облыстық кезеңінің марапаттау рәсімі өтті.

WhatsApp Image 2026-03-20 at 15.14.41

Бұл игі бастама Ауыл партиясы тарапынан қолға алынып, халқымыздың сан ғасырлық рухани мұрасы – бата беру дәстүрін жаңғыртуға бағытталған маңызды мәдени жобалардың біріне айналды. Аталған байқау қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптеу, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бата дәстүрін дамыту және оның қоғамдағы тәрбиелік маңызын арттыру мақсатында облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.

WhatsApp Image 2026-03-20 at 15.14.46 (1)
Батагөйлер байқауының облыстық кезеңіне өңірдің 12 ауданынан және Орал қаласынан барлығы 46 үміткер қатысып, 55 түрлі бата ұсынылды. Бұл – халық арасында батагөйлік өнерге деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.
Батагөйлерді марапаттау кешінде сахна төрінде киіз үйдің ішкі көрінісі бейнеленіп, ұлттық атмосфера ерекше әсер сыйлады. Экранда қазақ даласының көріністері мен бата түрлері көрсетіліп, көрерменге бата сөздің мәні екендігі тереңінен жеткізілді.
Республикалық «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қуаныш Сейітжанов батагөйлер сайысына қатысушылардың жыл сайын көбейіп келе жатқанына қуанатынын жасырмады.

WhatsApp Image 2026-03-20 at 15.14.44
– Батагөйлер сайысы «Ауыл» партиясының бастамасымен биыл үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы республика бойынша үш жүзден астам батагөй қатысқан болса, биыл олардың саны төрт жүз он екіге жетіп отыр. Бұл – байқауға деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді. Байқауға қатысушыларға жас шектеуі қойылмаған. Дегенмен, негізінен 25 жастан асқан, ел алдында сөз айта алатын, бата беруге жарайтын азаматтардың барлығы қатыса алады. Бұл конкурсқа қызығушылықтың жоғары болуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, бата – халқымыздың фольклорындағы, әдебиетіндегі бүгінгі күнге дейін өмір сүріп келе жатқан, үнемі жаңарып отыратын жанды жанр. Екіншіден, бұл – атадан қалған қасиетті дәстүріміздің бірі. Үшіншіден, батагөйлік тек жеке адамға арналған тілекпен шектелмейді, ол – елдік мүддеге қызмет еткен үлкен рухани құндылық. Тарихымызда билер мен ел ағаларының аузы дуалы қариялардан арнайы бата алуы жиі кездеседі. Халық арасында «Батамен ер көгерер» деген нақыл бар. Біз осы идеяны кеңейтіп, байқаудың атауын «Батамен ел көгерер» деп алдық. Бұл – байқаудың негізгі мақсатына толық сай келеді. Сонымен қатар, қатысушыларға қойылатын басты талаптардың бірі – қазіргі кезеңмен сабақтастық. Атап айтқанда, «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат», «Әділдік» тақырыптарын ашу. Өткен жылы байқау қорытындысы бойынша үздік баталар жинағын шығардық, – деп атап өтті Қуаныш Сейітжанов.

WhatsApp Image 2026-03-20 at 15.14.46
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының жан-жақты сараптауы нәтижесінде сөз құдіретін терең меңгерген, батаның мәйегін сақтай отырып, оны бүгінгі заманмен үйлестіре білген үздік батагөйлер анықталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әрбір қатысушының еңбегі мұқият зерделеніп, мазмұн байлығы, көркемдік өрнегі мен тәрбиелік мәні басты өлшем ретінде алынған. Осылайша, дәстүр мен даналықты тоғыстырған байқауда топ жарып, көптің ықыласына бөленген жеңімпаздар лайықты марапаттарға ие болды.

WhatsApp Image 2026-03-20 at 15.14.47

Нәтижесінде Бөрлі ауданының намысын қорғаған Қайырбай Нұрханов бірінші, Жаңақала ауданының батагөйі Аманжан Салауатов екінші, Бәйтерек ауданынан келген Уәлихан Жұмағұлов үшінші орын иеленді. Қатысушылардың басым бөлігі ер азаматтар болғанымен, ерекше атап өтерлік жайт – жалғыз әйел батагөй, Насипханым Жәрдемованың қатысуы болды. Оның аналық мейіріммен өрілген ақ батасы көпшіліктің ықыласына бөленіп, арнайы сыйлықпен марапатталды.

WhatsApp Image 2026-03-20 at 15.14.42
Іс-шара аясында ұйымдастырылған «Ауыл нақыштары» фотокөрмесі мен өңір қолөнершілерінің туындылары ұлттық өнердің тынысын кеңейте түсті. Батагөйлерді марапаттау соңы концертке ұласты.

Гүлжамал Жолдығали,

"Орал өңірі"

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале