Ұлыстың ұлы күніне орай Янайкин ауылында өткен «Наурыз думан» атты мерекелік іс-шарасы Жер-ананың аластау рәсімімен басталып, Қыдыр атаның ақ батасымен жалғасын тапты. Әжелер қауымы шашу шашып, думанның шымылдығын ашты.

Көнеден жеткен салт-дәстүрлер дәріптеліп, сахна төрінде ұлттық жөн-жоралғылар көрініс тапты. Әжелер жаңа шаңырақ көтерген жас жұбайларға арналған «босаға майлау» дәстүрін сахналық қойылым арқылы көрсетіп, көрініс ән мен биге ұласты.
Түрлі ұлт өкілдерінің өнер көрсетуі іс-шара мазмұнын байытып, татулық пен бірліктің айқын көрінісіне айналды. Сондай-ақ Богатск ауылынан келген “Тату көршілер” тобы өз өнерлерін көрсетіп, мерекені жандандыра түсті.

— Наурыз – береке мен бірліктің, жаңару мен жасампаздықтың мейрамы. “Наурызнама” он күндігіндегі барлық шараларға белсенді атсалысқан азаматтарға алғысымды білдіремін. Әр шаңыраққа бақ-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін, — деді өз құттықтау сөзінде ауыл әкімі Сәуле Аққайырова.
Содан соң демеушілік көрсетіп жүрген ауылкәсіпкерлері марапатталды. Аудандық «Батаменен ел көгерер» байқауына қатысып, мәдени шараларға белсене араласып жүрген Темірғали Майданұлы да құрмет көрсетілді.

Т.Бигелдинов атындағы мектеп директоры Жасталап Сабыров та ізгі тілегін арнап, білім саласының дамуына үлес қосқан бірқатар ардагер ұстаздарды облыстық білім басқармасы басшысының алғыс хатымен марапаттады.
Мерекелік концерттен кейін ауыл жастары ұлттық спорт ойындарында өзара мықтыны анықтады. Қол күресінде Диас Әбуов, гір тасын көтеруде Бақтияр Ғабдушев үздік болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан ақшалай сыйлықтар табысталды.

Осылайша, Янайкин ауылындағы Наурыз думаны ұлттық құндылықтарды ұлықтаған, ауыл тұрғындарының бірлігін бекемдеген мазмұнды мерекеге айналды.
Салтанат Шоқан
Бәйтерек ауданы