22.03.2026, 12:54
Оқылды: 105

Ақжайықта Наурыз мейрамында шеру ұйымдастырылды

Ұлыстың Ұлы күні Әз-Наурыз жыл өткен сайын бүкілхалықтық сипат алып келеді. Мұны мерекеге орай Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында өткен шеруге жиналған халықтың қарасынан-ақ анық байқауға болады. Кимешектегі әже, шапан киген ата, шолпысы сылдыр қаққақ қос бұрымды қыз, тұлымды ұл – бәрі де осы жарасымды шеруде жүр.

a65c166d-3f8a-440c-978b-2c736135ecec

Бұл шараның бір ерекшелігі – ауыл көшелерімен жүріп өткен шеруге тек мекеме-ұйым ұжымдары емес, қарапайым ауыл тұрғындары отбасыларымен, немере-шөберелерін жетектеген ата-әжелер қатысты.

acd20d84-73d8-4528-aaa6-e2ff70a56e1a

Бәрінен бұрын осында жиналған адамдардың жарқын жүздерін айтсаңызшы, бір-бірімен көрісіп, «Ұлыс оңынан болсын! Жылқы жылы тек жақсылығымен келсін!» деп ақ тілегін ақтарып, арқа-жарқа боп қалды.

f241c4db-15b1-4250-afe6-9d79064ba06c
Аудан орталығының басты алаңында Жылқы жылын мерекелеу алысқа жаңғырған керней үнінен басталды. Аудан көркемөнерпаздары сомдаған Ай мен Күн алып елімізді бірлік пен тыныштықтың тұрақты мекеніне айналсын деп тілек етсе, Жер-ана тазалық пен жаңару, амандықтың кепілі ретінде айналаны отпен аластап шықты. Қасиетті Қыдыр атаның батасынан соң жігіттер иықтарына көтеріп, ортаға Тайқазанды шығарды. Жеті түрлі дәм осы қазанға салынып, Наурыз көже пісіріліп, алаңдағыларға ақ пен бауырсақ таратылды.

e26fbaaf-1bb3-4df6-95ba-9f17a4a03abb
Көпшілікті сахнадан Әз-Наурыз мерекесімен аудан әкімі Мұрат Сердалин құттықтады. Мерекеге орай ұжым-мекемелер, жекелеген адамдар марапатталды.

99778031-e001-4763-a9b4-7eb4d46945c0
Ұлыстың Ұлы күнінде мекеме, ұйымдар кеңшілік пен молшылық болсын деген тілекпен дастархан жайып, ұлттық-салт-дәстүрлерімізді, құндылықтарымызды насихаттады. Әсіресе алаңның шетінде құрылған қос киіз үйдегі көрмелер ерекше. Бірінде ауданның өткені мен бүгінін паш етіп, аудандық кітапхана сурет пен кітаптан толымды экспозиция дайындаған.

13d2fddc-534c-4189-a62e-496bf4112450

Ақшаңқан киіз үйдің екіншісі аудандық балалар шығармашылығы орталығы мен Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің еншісіне бұйырған. Қос ұжым бірлесіп, мұнда жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін кеңінен таныстыратын көрме жайыпты. Айталық, көрмедегі көркемсурет туындыларының жанына ілінген QR-кодты сканерлеп шықсаңыз, телефоннан суреттегі бейнелерге жан бітіп, Әз-Наурыздың рухын еселеген ерекше сюжетті тамашалай аласыз.

13201f8d-4833-4157-a04c-0924f89ab3d3
Наурыздың қызығы мұнымен тәмамдалмады. Алаңда М.Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің оқушыларынан құралған домбыра ансамблі ортекені ойнақтатып, күй күмбірлетсе, «Ақбота» балабақшасының ұжымы ерекше фуршеттік дәм ұсынды. №1 жалпы орта білім беретін мектептің шеберлері қолөнер туындыларымен тамсандырды.

c8248026-1962-4b57-b762-b807d1bf2a88

Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінен сайыстарда мерекеге жиналғандар өз бақтарын сынады.

313028bf-8f1f-4784-a915-e74987641d78
Нұрбек Ихсан
Суреттер автордікі
Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале