Бүгін Жаңақала ауданындағы Достық алаңында 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күніне орай «Берекелі Наурыз» атты мәдени іс-шарасы өтті. Ата дәстүрімізді ұлықтаған мейрамға орай аудан көлемінде арнайы жоспар жасақталып, Наурызнаманың онкүндігіне сәйкес көптеген іс-шаралар ұйымдастырылған болатын.

«Табиғат нұры» композициясымен бастау алған мерекелік концертте ырыс-берекесін ала келген Қыдыр ата аудан тұрғындарына арнап бата берді. Содан соң, Жаңа жыл табалдырық аттағанда ақ жаулықты әжелер аластау рәсімін жасады. Алаңда ақ шаңқай киіз үйлер тігілді. Олардың қатарында, аудан әкімі аппараты, Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебі, мектептен тыс жұмыс орталығы, Дина Нұрпейісова атындағы музейі дайындаған «Күй анасы Дина» киіз үйі, білім бөліміне қарасты барлық білім ошақтары «Жыр алыбы Жамбыл», Рухани орталық ғимаратындағы барлық мекемелер «Жиембет жырау», Жаңақала аудандық ауруханасы «Нұрлы наурыз», Жаңақала колледжі «Ұлы дала төрі» және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімі, аудандық электр торабы, ҚазақГазАймақ мекемесі, Құрылыс бөлімі, Батыс сушар, «Коммунал» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны «Құт қонған шаңырақ» және шаруа қожалықтары да «Ұлы мереке мекені» киіз үйінде дәм ұсынды. Киіз үй ішінде той-думанның лебі есіліп, ән шырқалды. Тайқазаннан жиылған жұртшылыққа ақ ұсынылып, келіндер ансамблі бауырсақ үлестірді.

Сахна жанында бірқатар бозбалалар мен бойжеткендер алтыбақан теуіп, спортсүйер жерлестер ұлттық ойындар бәсекесіне қатысты. Жиын барысында аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлына сөз беріліп, тұрғындарды келіп жеткен Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, лебізін білдірді. Қасиетті ораза айымен тұспа-тұс келген күн ұлтымыздың ұлық мерекесі саналады. Ұрпаққа салт-дәстүрді танытатын ерекше мейрамда мәдениет үйінің көркемөнерпаздары домбырамен күй күмбірін сезініп, ән шырқап, би биледі. Тәрбиенің қайта түлейтін ұлы шағында қаумалаған ағайынның арасында еңкейген қариядан кішкентай сәбиге дейін бар. Олар бір-біріне «Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын!» деп бата берісіп, қол алысты.

Мерекелік концерт мәдени-демалыс орталығының қызметкерлері Айзада Сейтова, Азат Алмасұлы, Ақерке Ғабдуллина, Махамбет Нұрахметовтың орындауындағы «Наурыз, наурыз» әнімен өз мәресіне жетті. Алаңда дәмді кәуәптар, ыстықтай бауырсақтар мен салқын көжелер сатылды. Сондай-ақ, балаларға арналған тәтті тағамдардың да түр-түрі көрініс тапты. Ескі өкпе-ренішті ұмытып, жамандық пен жаман ойдың бәрін алысататын күн туды. Жаңа жыл молшылығымен келсін! Мереке құтты болсын жаңақалалықтар!
Ақерке Ғилымхан
Жаңақала ауданы