24-30 наурыз аралығында аймақта ауа температурасы 13-22 градусқа дейін жоғарылайды. Осы күндері мұздық құбылыстардың әлсіреуі, еріген қар ағындысы әсерінен өзендерде су деңгейінің көтерілуі күтіледі. Аймақ басшысы Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен жедел штабтың отырысында мамандар осындай болжам айтты. Су тасқыны кезеңінің өту барысы талқыланған гибридті форматтағы жиынға Орал қаласы мен барлық аудан әкімдері, уәкілетті орган, азаматтық қорғау және коммуналдық сала басшылары қатысты.

Мамандар өңірде топырақтың қату тереңдігі 8 бен 67 см аралығында, ал қар жамылғысы өткен аптамен салыстырғанда 18 пайызға төмен деп мәлімдеді. Орал қаласы, Тасқала, Бәйтерек, Сырым, Теректі, Бөрлі, Қазталов, Шыңғырлау аудандары көктемгі тасқын қаупі орташа аумақтарға жатқызылды. Қалған аудандарда қауіп деңгейі төмен.
Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов мәлім еткендей, су тасқыны кезеңіне 400-ге жуық техника тас түйін дайын. Жеке және заңды тұлғалардың көмегімен тағы 100 техника тартуға мүмкіндік бар. 16 эвакопункт 4 мың адамға дейін қабылдай алады. Жиында су тасқыны қаупі орташа деңгейдегі 7 ауданның әкімі де қалыптасқан жағдайды баяндады.
«Қазсушар» РМК БҚОФ директоры Рауан Құсайынов Жайық-Көшім жүйесі 65, теңгерімдегі өзге де су қоймалары 60 пайызға толып тұрғанын хабарлады. Жайық өзенінің су деңгейі көтерілгенде қоймалар мен көлтабандарды толтыруға басымдық беріледі.
Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов РФ Орынбор облысына жасаған жұмыс сапарының қорытындысын баяндады. Қазір Ирикла су қоймасынан төменгі ағысқа секундына 139 текше метр су жіберіліп жатса, 27 наурыздан бастап секундына 60 текше метр су босатылады. Екі өңірдің мамандары су тасқыны кезеңінде өзара іс-қимылды үйлестіріп, үздіксіз ақпарат алмасады.
Аймақ басшысы қауіп аз екен деп босаңсуға болмайтынын қаперге салды. Нариман Төреғалиев бүгіннен бастап облыстық жедел штаб жұмысына жауапты қызметкерлерді, жалпы күш пен құралдарды тәуліктік кезекшілікке көшіруді, жергілікті атқарушы органдарға жағдайды тұрақты мониторингілеуді міндеттеді.