26.03.2026, 17:00
Оқылды: 9

БҚО-да тұтынушыларға 13,7 млн астам теңге кері қайтарылды

БҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жыл басынан бері тұрғындардан 498 өтініш түсті, - деп жазады Kazinform

жп акша Әлішер Уалитханов (1)

Департамент басшысының орынбасары Руслан Ихсановтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қаралған өтініштердің нәтижесінде тұтынушыларға 13 млн 733,311 мың теңге көлемінде қаражат қайтарылды.

Оның сөзіне қарағанда, өтініштердің 275-і оң шешілді. 223-і бойынша түсіндірме берілді.

— Шағымдардың 260-ы немесе басым бөлігі бөлшек сауда саласына тиесілі, бұл — жалпы санының 52,2 пайызы. Көбіне тауарды қайтарудан немесе алмастырудан бас тарту, сапаға қатысты мәселелер тіркелді. Электронды сауда бойынша 59 өтініш түсті (11,8 пайыз). Негізгі түйткіл — тауар сипаттамасының сәйкес келмеуі, сатушы туралы ақпараттың болмауы және ақшаны қайтарудағы қиындықтар, — деді Р.Ихсанов.

Оның айтуынша, тұрмыстық қызметтер саласында 51 өтініш (10,2 пайыз) болды. Бұл жиһаз дайындау, жөндеу, құрылыс, сұлулық салондары мен тұрмыстық қызмет көрсету сапасына қатысты.

Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша 71 өтініш тіркелді. Негізгі шағымдар тарифтердің өсуі мен коммуналдық қызметтердің сапасына байланысты болды. Оған қоса қоғамдық тамақтандыру, туризм және байланыс салалары, білім беру, медициналық, қаржылық және көліктік қызметтер бойынша 90 өтініш қаралды.

Департаментке түскен 355 өтініш өзге уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде қарауға жолданды. Атап айтқанда, бұл салық және қаржы заңнамасының бұзылуы, тұтынушыларды алдау фактілері, тұрғын үй қатынастары, байланыс, туризм және көліктік қызметтер салаларына қатысты.

2026 жылы департамент 54 әкімшілік шара қабылдап, нәтижесінде 54 бизнес субъектісіне 1 млн 401,498 мың теңге айыппұл салынды.

Департамент 12 сот отырысына үшінші тарап ретінде қатысып, 6 млн 753,354 мың теңге тұтынушыларға қайтарылды.

— Тағы бір айта кететін жайт, тұтынушылар электронды сауда және Instagram желісі арқылы басқа қалалардан тауар мен қызметке тапсырыс беруде. Осы ретте тұтынушылар құқығының бұзылу жағдайы жиі кездеседі. Мұндай шағымдар сатушылар, орындаушылардың мекенжайы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттеріне жолданады. Алайда көп жағдайда тұтынушылар тауарға тапсырыс бергенде, сатушылардың мекенжайы мен байланыс ақпаратын алдын ала білмейді, яғни тауар мен сатушы туралы ақпаратқа мән бермейді. Соның салдарынан тауар сапасы немесе оны қайтару мәселелері бойынша наразылықтар туындап, бұл кейде қиындықтарға соқтырады әрі интернет-саудада алданып қалу қаупі бар. Сондықтан тұтынушылар тауар немесе қызметке тапсырыс берер алдында сатушының мекен-жайы мен байланыс телефондарын, тауар немесе қызметтің сапасына қатысты пікірлерді алдын ала тексеріп, сатушыдан немесе орындаушыдан сол туралы толық ақпарат алуы қажет, — деп қосты департамент басшысының орынбасары.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале