27.03.2026, 15:00
Оқылды: 15

Басты мақсат – заңбұзушылықтың алдын алу

Жуырда өткен Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында «Мемлекеттік қызмет туралы» заң талаптарының сақталуы мен қызметтік әдеп қағидаларының бұзылуының алдын алу мәселелері қаралды.  Жиында аталған бағытта атқарылған жұмыстар сараланып, бірқатар ұсыныстар айтылды. 

41ea34dc-06f5-414a-91b4-26ebafd33f90

Әуелі Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шыныязов баяндама жасап, өзі басқаратын ауданда мемлекеттік қызметшілер арасында Әдеп кодексі талаптарын сақтау бағытында жүргізілген жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қызметшілердің жұмыстан тыс уақытта да жалпыға бірдей моральдықэтикалық қағидаларды ұстануы, қоғамда келеңсіздік туғызатын әрекеттерге жол бермеуі бойынша түсіндіру шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылған. Сонымен қатар тоқсан сайын әдеп жөніндегі өкілдің төрағалығымен бірнеше жиын өткізілген. Орынды талаптарды ескермеген жекелеген қызметкерлерге қатысты тиісті шаралар қолданылған. Атап айтқанда, аудан әкімі аппаратының жетекшісіне ескерту жасалса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша жауапкершілікке тартылған аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас мамандарына «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.

Жиында сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің облыстық департаменті қызметіне талдау жасалды. Департамент басшысы Зәуре Ғұмарова бұл бағыттағы жұмыстардың жүйеленіп келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, өткен жылы бөлім басшыларының бірі арнайы тағылымдамадан өтіп, бүгінде әдеп жөніндегі өкіл қызметін атқаруда. Нәтижесінде бекітілген жоспарға сәйкес есеп беру мен бақылау жұмыстары тұрақты жолға қойылған.

Кеңес барысында Тасқала ауданы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілінің қызметі де қаралып, қызметтік әдепті сақтау бойынша мониторинг пен бақылау тетіктерінің тиімділігіне баға берілді. Сонымен қатар мемлекеттік құрылымдарда қызметтік көлікті мақсатты пайдалану, 2025 жылдың қорытындысы бойынша әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының сақталуы мәселелері сарапталды.

Өз кезегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп кеңесінің төрағасы Мұрат Байсалов қосымша міндеттер жүктеу мәселесіне жүргізілген талдау нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталғанын жеткізді. Ол бойынша мемлекеттік құрылымдарға тиісті ұсынымдар жолданған. Жыл басынан бері әдеп қағидаларын сақтамаған үш мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Кеңес қорытындысында мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, заң талаптарын мүлтіксіз сақтау және қызметтік әдеп қағидаларын нығайту бағытында нақты ұсынымдар берілді.

 

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале