27.03.2026, 16:45
Оқылды: 12

Казталов ауданында шегірткеге қарсы күрес бойынша штаб отырысы өтті

Казталов ауданында шегіртке тұқымдас зиянкестермен күрес бойынша шараларды үйлестіру жөнінде аудандық штаб отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев төрағалық етіп, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің, Батыс Қазақстан облысы Жәнібек аудандық аумақтық инспекция басшысы Жәнібек  Кенжеғалиев, штаб мүшелері, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері онлайн режимде қатысты.

WhatsApp Image 2026-03-27 at 13.06.20

Отырыста өңірде фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, шегіртке тұқымдас зиянкестердің таралуына жол бермеу және алдын алу шараларын жүйелі жүргізу мәселелері жан-жақты қаралды. Өткен жылы атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды.

Жәнібек Мертенұлы өз баяндамасында өткен және алдағы жұмыстарға тоқталды.

— 2025 жылы Казталов ауданы бойынша итальяндық прус шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Алайда биыл аудан көлемінде 1800 гектар жерге өңдеу шараларын жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 1300 гектар жер аэрозольді генераторлармен, ал 500 гектар жер жер үсті бүріккіш техникалар арқылы өңделеді, — деді ол.

Сонымен қатар ол өткен жылғы тәжірибеге де тоқталды:

— Былтыр «Магтоксин» препараты қолданылып, аудан бойынша 7700 гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілді. Оның 3500 гектары мемлекеттік жер қорына, ал 4200 гектары шаруа қожалықтарының жерлеріне тиесілі. Қолданылған препараттың тиімділігі 90 пайызды көрсетті, — деп атап өтті.

Сондай-ақ 2026 жылға жоспарланған жұмыстарға сәйкес, аудан аумағында 9450 гектар жерге шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жүргізу көзделіп отыр. Қазіргі таңда мердігер ұйымдарды анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.

Жиында шекаралас аумақтармен өзара іс-қимылды күшейту, зиянкестердің таралу ошақтарын дер кезінде анықтау және мониторинг жұмыстарын жандандыру мәселелері де көтерілді. Мамандар бұл бағытта көршілес Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарымен бірлескен жұмыстарды ескеру керектігін айтты.

Аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев өз сөзінде бұл жұмыстың ауыл шаруашылығы үшін стратегиялық маңызға ие екенін жеткізді.

— Шегірткеге қарсы күрес  ауданның ауыл шаруашылығына тікелей әсер ететін маңызды бағыт. Сондықтан барлық тиісті мекемелер мен ауылдық округтер бұл жұмыстарды үйлесімді жүргізіп, алдын алу шараларын уақытылы әрі сапалы орындауы қажет, — деген аудан әкімінің орынбасары жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді.

Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале