30.03.2026, 9:00
Оқылды: 62

«Жайықтың жағасын тезірек бекіту керек»

Су тасқыны кезеңінің өту барысымен танысу мақсатында өңірімізге келген ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров өзінің жұмыс сапарын Бәйтерек ауданынан бастады. Ол Көшім, Зеленый, Құрманғазы, Чиров ауылдық округтарында болып, су тасқыны қаупі бар учаскелер мен проблемалық аймақтардың жай-күйін бағамдады.

image-29-03-26-09-56
Комитет төрағасының орынбасары Көшім ауылдық округына қарасты Ақсу ауылына келген кезде аудан әкімі Марат Тоқжанов Бәйтеректе су тасқынын алдын алу бағытында атқарыпһлып жатқан жұмыстар жөнінде айтып, аудандағы 68 елді мекеннің бәрі 14 үлкенді-кішілі өзеннің бойында орналасқанын жеткізді.
- Бізге алаңдаушылық туғызып отырғаны Январцев, Рубежин және осы Ақсу ауылдары. Себебі бұл ауылдар Жайық өзенінің дәл түбінде орналасқан. Жайықтың жағалауы тасты жер (скальный грунт) емес. Соған байланысты өзенге мол су келген сайын жағалау шайла береді. Одан бөлек, осы тұста, яғни Ақсау ауылының маңында Жайық өзеннің бұрылысы бар. Судың тегеуіріне байланысты сол жерлер қатты отырлып түсуде. Мәселен, 2024 жылы Жайыққа келген мол судың салдарынан өзен арнасы 68 метрге жылжып кетті. Қазір Ақсудағы ең шеткі үйге дейінгі аралық 33 метрді құрайды (жалпы бұл ауылда 62 үй, 268 тұрғын бар). Өзен арнасының кеңуі Орал-Атырау тас жолына да қауіп тудырып тұр. Трассаға 70 метрдей қалды. “Жаман айтпай жақсы жоқ”, егер тағы да көп су келетін болса күре жол су астында қалады. Сол себепті бұл жерлерге суға тосқауыл қоятын жағалау бекіту жұмыстарын жүргізу керек. Соған орай БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына тиісті құжаттар тапсырылды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Сіз өз тарапыңыздан осы мәселені жоғары жаққа жеткізіп, барынша тезірек қаржы бөлуге ықпал етсеңіз нұр үстіне нұр болар еді,-деді Марат Лұқпанұлы.
Әсет Жылқайдаров бұл өзекті мәселе екенін атап өтіп, бұл бағыттағы ақпаратты үкіметке жеткізетінін, барынша жәрдемдесуге тырысатынын айтты.

image-29-03-26-09-56-5
Содан соң ол Көшім ауылындағы Жайық-Көшім су жүйесінің гидротехникалық имараттарының жұмысымен танысып, Зеленый, Құрманғазы ауылдық округының Аманат, Чиров ауылдарындағы гидротехникалық құрылғылардың, құрылыстардың, қорғаныс бөгеттерінің жағдайын тексерді. Сонымен қатар, қардың еруі мен су деңгейінің көтерілуіне байланысты туындауы мүмкін қауіптерге бағалау жүргізілді.

image-29-03-26-09-56-6
Кездесу барысында жергілікті атқарушы құрылым мен төтенше жағдайлар қызметінің жауапты өкілдері су тасқынының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндама жасады. Барлық өзекті мәселелер қарастырылып, дайындық деңгейі талқыланды және тиісті тапсырмалар берілді.

Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале