Аудан орталығындағы спорт кешенінде волейболдан мемлекеттік қызметшілер арасында Казталов ауданы әкімінің кубогы турнирі өтті.

Турнирдің ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тлепберген Каюпов, аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, Ақжайық, Бөкейорда, Сырым, Шыңғырлау, Жәнібек, Теректі, Казталов аудандары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тлепберген Ерсайұлы турнирдің маңыздылығына тоқталды.
— Мұндай дәстүрлі турнир мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын қалыптастырумен қатар, өзара ынтымақтастық пен бірлікті нығайтудың тиімді алаңы. Бұл турнир өңірлер арасындағы достық қарым-қатынасты арттырып, тәжірибе алмасуға жол ашады. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, — деді.
Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы да сөз алып, спортшыларға сәттілік тіледі.
— Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту ұлт денсаулығын нығайтудың басты кепілі екенін ерекше атап келеді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты кеңінен насихаттау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Казталов ауданында бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Спорттық инфрақұрылым жаңартылып, түрлі деңгейдегі жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі додаға қатысушы барлық командаларға сәттілік тілеймін! Әр ойын тартысты да қызықты өтіп, шынайы спорттық рух пен әділ бәсеке үстемдік етеді деп сенемін!, — деді аудан әкімі.

Жарысқа БҚО әкімдігі командасы мен Ақжайық, Бөкейорда, Сырым, Шыңғырлау, Жәнібек, Теректі, Казталов аудандарының командалары қатысуда. Ойындар спорт кешені мен Алма Оразбаева атындағы ЖОББМ базасында өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша ІІІ орынды Жәнібек ауданы иеленіп, ІІ орын Ақжайық ауданына бұйырып, І орынды Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің командасы жеңіп алып, кубокты иеленді.

Турнир аясында үздік ойыншылар да анықталды. Атап айтқанда, Шыңғырлау ауданынан Сағат Шагиров «Турнир ардагері» номинациясымен, Әділ Қаражанов «Үздік тосқауыл қоюшы» аталымымен марапатталды. Ақжайық ауданынан Фархад Уахитов «Үздік байланыстырушы», Казталов ауданынан Мейрамбек Малаев «Үздік шабуылшы» номинацияларын иеленді. Жәнібек ауданынан Ернар Ерланов «Үздік ойыншы» деп танылды.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі