31.03.2026, 17:00
Оқылды: 12

Бала көкжөтелмен ауырмау үшін дер кезінде екпе алу маңызды – маман

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 7 адамның көкжөтелмен ауырғаны анықталды, - деп жазады kaz.inform.kz.

514e5787-b2c5-47eb-8920-70dd6aee690d
Фото: kaz.inform.kz

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, зертханалық тұрғыда расталған науқастардың барлығы – 14 жасқа дейінгі балалар.

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, аурудың басым көпшілігі ұйымдастырылмаған балалар арасында және Орал қаласында тіркеліп отыр. Олардың бәрі де екпе алмаған. Екеуінің себебі – ата-анасы вакцинациядан бас тартқан, бесеуі екпе жасына жетпеген.

- Көкжөтелмен ауырғанда, инкубациялық кезең 6 күннен 20 күнге, алғашқы немесе катаральды кезең 14 күнге дейін барады. Ұстамалы жөтелдің пароксизмалды және инспираторлы ентігу уақыты 1 ай және одан да көп мерзімге созылады. Көкжөтелмен сырқаттанғандар қатты қиналады. Тіпті тынысы тоқтап қалуы ықтимал. Сондай-ақ пневмонияға ұласуы мүмкін. Сондықтан көкжөтелдің алдын алу маңызды, - деді Н.Мұстаев.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда көкжөтелдің алдын алудың жалғыз және тиімді шарасы міндетті вакцинация күнтізбесіне енгізілген иммундау болып есептеледі.

- Вакцинация аурудың белгілері жоқ (суық тию, дене қызуының көтерілуі), дені сау балаларға ғана жасалады. Вакцинация жоспарлы түрде Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес сәби 2 айға толғанда, 3, 4 және 18 айда жүргізіледі. Сондықтан ата-аналардың балаларын дер кезінде ектіруінің маңызы зор, - деді маман.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале