2.04.2026, 9:45
Оқылды: 83

«Перзенттеріңізге кітап сыйлайсыз ба?»

2  сәуір – Халықаралық балалар кітабы күні

...АҚШ-тың әлеуметтанушылары (социологтары) біраз жыл әлеуметтік зерттеу жүргізе келіп, мы-нандай ұйғарымға келген көрінеді: «Ұл бала болсын, қыз бала болсын, егер жеткіншек он жасқа дейін әдеби кітап оқуға дағдыланса, демек, оның санасында өзін-өзі біреуге қиянат жасаудан, зорлық-зомбылық көрсетуден, ұрлық-қарлыққа барудан, уытты ішімдіктерге үйір болудан, есірткіге елітуден, бір сөзбен айтқанда, өзін бүкіл жамандық атаулыдан сақтандыратын түйсік-түсінік қалыптасады екен». Міне, кітаптың бала тәрбиесіндегі, адам өміріндегі, адамзат қоғамындағы ең басты пайдасы, ең керемет әсері! Осыдан кейін Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам қылған – кітап, ал адамзат қоғамы қылып қалыптастырған – кітапхана» деген пікірін әулиелік демей көріңіз! Иә, адам баласының санасына ізгілік дәнін себуде әдеби кітапты, көркем әдебиетті алмастыратын ештеңе жоқ! Бұл өзі дәлелдеуді қажет етпейтін, әбден уақыт сынынан өткен ақиқат-аксиома! Сол себепті біз 2 сәуір - Халықаралық балалар кітабы күні қарсаңында «Перзенттеріңізге кітап сыйлайсыз ба?» деген сипатта сауалнама жүргізген едік. Әрине, жұрттың бәрі біздің көңілімізден шығатындай жауап бере қойған жоқ. Тіпті, респонденттердің арасында «Қазіргі заманда кітап оқудың не қажеті бар?..» дегендей сиық танытқандары да болды. Бұл әрине, рухани тайыздық. Ал біз көптің назарына тек тағылымды пікірлерді ұсынғанды жөн санадық.

капаков гайса_2020

Ғайса Қапақов, «Ауыл» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы аппаратының жетекшісі, «Ақ Жайық азаматтары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Немерем Абай бүгіндері бесінші сыныптың оқушысы. Астанадағы «BINOM» мектептерінің бірінде оқитын оның сабақ үлгерімі өте жақсы, біздің оқушы кезіміздегідей айтқанда барлық пәннен – «5». Бұрнағы жылы немерем үшінші сынып оқып жүргенде өзіміздің жерлес жазушымыз Бауыржан Ғұбайдуллиннің «Жиһанкез»  Ақкербез» деген кітабын алып берген едім. Былтыр Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхатын»  сыйладым. Биыл бірден екі-үш кітап алып бермекшімін. Немеремнің есімі Абай болғасын, ол Абай атасының  өзінің  жасына  сәйкес  біраз  өлеңін  оқып  үлгерді.

 

доктор

Назым Ахметжанова, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аға оқытушысы:

- Біз, отағасы екеуміз үш перзент тәрбиелеп отырған ата-анамыз. Тұңғышымыз Даниял университеттің бакалавр курсына қоса, магистратураны да тәмамдап, бүгіндері қызмет істеп жүр. Қос қызымыздың үлкені Мәдина 10-сынып оқушысы. Ал Мәдинаның сіңлісі Мәлика  мектепалды даярлық тобына барып жүр. Соңғы кездері үлкен қызымыз Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпаны» мен Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы бала» атты кітабын оқып бітірді. Ал Мәликаға өзім жақында Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» атты кітабын оқып бердім. Енді екеуміз осы апта тағы кітап дүкеніне бармақпыз.

Айтпақшы, ұлымыз Даниал 11-сынып оқып жүргенде әлемге әйгілі жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Михаил Шолоховтың шығармашылығына арналған халықаралық конференцияға белсенді қатысқаны үшін 2019 жылы еліміздің сол кездегі Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова қол қойған дипломмен марапатталды.

WhatsApp Image 2026-04-01 at 10.41.53

Серік Өтепқалиев, Теректі ауданындағы Подстепный жалпы орта білім беретін мектебі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:

- Өзім де, жұбайым Мәншүк те – мұғалімбіз. Сондықтан да газет-журналдарға жүйелі жазылу, кітап оқу, ұл-қызымызға кітап алып беру – біздің отбасыиыздың басты рухани құндылықтарының бірі. Кішірек кездерінде перзенттерімді кітап дүкеніне ертіп барып, бастапқыда қандай кітаптар алу керек екендігіне өзіміз кеңес  беретінбіз. Бертін келе өздері таңдайтын болды. Бүгіндері осындай бағытпен әдебиет әлеміне немерелерімізді жетелеудеміз.

WhatsApp Image 2026-03-31 at 15.01.58 (2)

Махмет Қажиахмет, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жымпиты ауылы, Сырым ауданы:

- Қарашадайынан кітап оқуға дағыдаланған бала зейінді, зерек болып өседі. Кітап оқуға ауыз әдебиетінің озық үлгілері арқылы ауызданған жеткіншек ұлтының құнды қазынасына қанығып, ой-өрісі кеңиді. Өз халқының тарихына жасөспірім-көкөрім кезінен қаныққан жас ұлан елжанды тұлға болып қалыптасады.

Біздің балалық шағымыздың бақытты бөлігі  ойынға қоса, әдеби кітап оқу болатын. Кітапханаға барып, балаларға арналған кітаптар мен ертегілерді алып оқитынбыз.

Ата-анасы болып, перзенттерімізге кітап сатып алып беру жұбайымыз екеуміздің әуелден әдетіміз. Қазір әрине, немерелеріме де балаларға арналған кітаптарды жиі алып беремін. Өкінішке орай, балаларға арналған шығармалар жазатын ақын-жазушылардың кітаптары әлі де  өте аз. Баспалар балдырғандарға арналған кітаптарды әдемі безендіріп, көп  таралыммен шығарып, таратса керім болар еді.

WhatsApp Image 2026-04-01 at 10.41.54 (2)

Алтын Базарова, Қызылжар  негізгі  орта мектебінің  бастауыш  сынып  мұғалімі, Теректі  ауданы:

-  Мен ата-ана ретінде балаларыма кітаптар алып беруді өз міндетім деп санаймын. Себебі кітап – баланың  ой-өрісінің дамуына үлкен әсер ететін ең керемет дүние. Әсіресе, ертегілер баланың қиялын дамытып, кішкентай кезінен жақсылық пен жамандықты ажырата білуге жетелейді. Сол себепті балаларыма  міндетті түрде жасына сай, мазмұны түсінікті, әрі қызықты ертегі кітаптарды жиі алып беремін. Әдемі суреттері бар кітаптар балғын оқырмандардың қызығушылығын арттырып, олардың кітап оқуға деген ынта-ықыласын арттырады. Сонымен қатар кітапты тек алып беріп қана қоймай, баламмен бірге отырып оқып, ертегі кейіпкерлерін талқылау да маңызды.

Қазіргі балалар телефон мен теледидарға тым көп телміреді. Сондықтан мен ұл-қызымды кітап оқуға баулу үшін оларға жиі-жиі жаңа ертегі кітаптар алып беріп, бос уақытын пайдалы өткізуіне жағдай жасаймын. Қызымыз әлі кішірек, ал екі ұлымыз бастауыш сыныптарда оқиды. Енді оларға танымдық мазмұндағы кітаптарды да ала бастаймын.

 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале