2.04.2026, 11:15
Оқылды: 56

Қайда кеттің сен?..

...Екеуміздің арамыз алшақтағалы қанша жыл өтті екен?! Сен менің ой-санамдағы сарқылмайтын сағынышқа айналғалы, жан дүниеме мөлдір мұң боп байланғалы, сен менің көңілімнен өшпейтін естелікке, көз алдым-нан кетпейтін елеске айналғалы қашан?.. Екеуміз айырылмастай дос емес пе едік?! Қайда кеттің сен, менің қасымнан қашан кетіп қалдың сен?..

Мальчик в бумажной лодке на облаках

Сурет: chatgpt.com

Көктемде жылғалар арнасына сыймай асып-тасып аққанда ақ парақтан қағаз қайық жасап, арықпен көп жөнелтіп едім. Әлде, сен сол қайықтардың біріне айналып, жылғалардың бойымен жылжи жүзіп, әуелі өзім достарыммен асыр салып жазды күні талай шомылған Жезбұға көліне түсіп, сосын көктемгі тасқын кері қайтқанда ағысының өзі балауса бойжеткеннің жымиғанындай әдемі ерке сылқым Ақ Жайыққа жетіп, әрмен қарай теңіздің айдынына шығып үлке-е-ен Ақ кемеге айналдың ба екен?..

Бала балықшы шағымда қармағыма түскен біраз шабақты үлкен балық болып өскесін қармағыма қайта түс деп, дарияға кері жібере салғанмын. Әлде, сен көл бетін көлбей өткен күн сәулесіне шағылысқан ақкүміс ша-бақтардың біріне айналып кеттің бе?

Төртінші-бесінші класс оқитын кезімізде ұл балалар кластың қыздарын ертіп, біздің Қызылжардан үш шақырым жердегі қырдан асып, қызғалдақ теріп қайтушы едік қой. Сондай сәттердің бірінде сен бізден тығылып қалып, қызғалдаққа айналып кеттің бе әлде?..

Біздің көшенің балалары кішірек кезімізде ақ парақтан қағаз ұшақ жасап, улап-шулап, әлгі ұшақтарымызды бір-бірімен жарыстыра жамырап, көкке самғатушы едік. Мүмкін, сен солардың біреуіне айналып кеткен шығарсың? Кім білген, бүгіндері мені алыс сапарларға апарып-әкеліп жүрген алып ақ лайнерлердің бірі сен шығарсың? Әлде сен күрең күзде жанына жәйлі жер іздеп жылы жаққа  ұшып кетіп, гүл көктемде туған жерге іңкәр сағынышпен оралатын жыл құстарының біріне айналдың ба?

Көктемде бүршік жарып, жаз бойы жайнап тұратын мың-сан жапырақ күз келе сарғаяды. Сол сарғайған жа-пырақтардың бірі, бәлкім, сен боларсың. Мүмкін, сен маған қоса, менің бала күнгі, бал күнгі достарыма деген сағыныштан сарғайған шығарсың? Біз сені сағындық, сағынғанда да өте қатты сағындық. Демек, сенің бізді сағынбауың мүмкін емес қой!

Ойын баласы кезімде тал-шыбықты ат қып мініп, балғын-балдырған достарыммен талай жарысып едім. Сол жарыстарда менің «тұлпарым» көбіне-көп алдына қара салмай келіп, бәйгенің алдын бермеуші еді. Бұл күн-дері таңғы тәтті ұйқымнан оятып, жазу үстеліне жетелейтін шабыттың Шалқұйрығы, бәлкім, сен бе екенсің?

Қыста Жезбұға мен Жайықтың арасында шаңғымен серуендеген күндері кейде қар астынан атып шығып, ақ қоян қашатын. Сол ақ қоян сен емессің бе, бізге өкпелеп, ізім-қайым жоғалған? Ендеше, біз балалықпен сені де ренжіткен болып тұрмыз ғой. Тәйірі, бала күнгі өкпе-реніш тез тарқамаушы ма еді...

Аяулы ата-анамның аялы қамқорлығымен өткен бал­дәурен бақытты балалық шағым менің, бәлкім, сен маған қайта ораларсың? Егер ғайыптан тайып сен оралсаң, мүмкін сенімен бірге менің асқар таудай әкем мен ақжарқын анашым да оралар. Өйткені оларсыз, ардақты ата-анамсыз менің балалық шағым бақытты болуы мүмкін бе, сірә?!.

 

         Бауыржан Ғұбайдуллин

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале