Естеріңізде болса, осыдан бірер ай бұрын «Шай үстіндегі «Кітап talk» атты мақаламыз жарық көрген болатын. Ол жерде «Әр парақ – AMANAT» оқырмандар клубының келесі талқылайтын кітабы жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллиннің «Биленбеген вальсі» екенін жеткізген едік. Уақыт та зымырап өте шығыпты. Аталмыш клубтың кезекті отырысы Теректі аудандық Подстепный ауылының мәдениет үйінде өтті. Бұл күні аталмыш мәдениет үйі рухтың шамы жағылған, сөздің салмағы өлшенген, кітаптың иісі аңқыған ерекше бір кеңістікке айналды.

Бұл жолғы басқосудың жөні бөлек. Өйткені талқыланатын туындының ауторы – оқырмандар ортасында. Әдетте оқырман мен аутордың арасы парақ арқылы жалғанса, бұл жолы сол парақтың ар жағындағы адаммен жүзбе-жүз жүздесу мүмкіндігі туды.
Айта кету керек, Теректі жері – аутордың туған мекені. Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы мен Подстепный ауылдық мәдениет үйі осы рухани жүздесуге ұйытқы болды. Жиынға клуб мүшелерімен қатар, жаңа оқырмандар, еріктілер, журналистер және жазушы шығармашылығына бейжай қарамайтын жандар жиналды.
Кеш барысында Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназия оқушылары жазушының шығармаларынан үзінді оқыды. Ал балалар үйірмесінің қатысушылары қаламгер туындыларын қағаз бетіне түсіріп, сөзді суретке, ойды бояуға айналдырды.
«Кие», «Шортан», «Биленбеген вальс», «Ұялшақ махаббаттың ғұмыры ұзақ», «Ортақ ерлік», «Бір түнгі жалғыздық»… Бұл атаулар әр оқырманның ішкі әлемімен үндескен күй іспетті. Отырыста қатысушылар сол шығармалардағы оқиғаларды өз өмірімен сабақтастырып, аутор айтпағанды аңдап, жазылмағанды сезінуге тырысты.
– Бүгін осындай тағылымы мол, рухани кеште бас қосып отырғанымызға ерекше қуаныштымын. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, кітапқа деген құштарлықты арттыратын игі іс-шарада бас қосу – бәріміз үшін үлкен мәртебе. Бүгін біз жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қарымды қаламгер Бауыржан Файзоллаұлының әңгімелер жинағын талқылау үшін жиналып отырмыз. Осы ретте «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан жобаны қолдап, арнайы уақыт бөліп келген баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Жоба осы уақытқа дейін облыс орталығында жалғасып келсе, бүгін Теректі ауданында өз жалғасын табуда. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Осындай игі бастаманың ауданымызда өтуіне ұйытқы болып, қолдау көрсеткен Теректі бастауыш партия ұйымының төрағасы Арман Сағидоллинге ерекше алғыс айтамыз. Бауыржан ағамыздың өз туған жерінде шығармасын талқылау туралы ұсынысы көпшіліктің көңілінен шыққан орынды бастама болды. Біз әрдайым кітапсүйер оқырмандардың қатары көбейе берсін дейміз. Кітап – ұлттың рухани тірегі. Сондықтан осындай кездесулердің ғұмыры ұзақ боларына сеніміміз мол. Мен де «Биленбеген вальс» кітабын оқып шықтым. Бұл шығарма маған ерекше әсер қалдырды. Атауының өзінде терең мән-мағына бар екендігі бірден сезіледі. «Биленбеген вальс» – уақытында айтылмай қалған сөз, жасалмай қалған қадам, жүзеге аспай қалған мүмкіндік секілді әсер береді. Бұл кітап бізге әр нәрсенің өз уақытында болғаны маңызды екенін ұқтырады. Өмірде кешігіп қалмауға, дер кезінде шешім қабылдауға, сезімді де, әрекетті де уақытында білдіруге шақыратындай. Сондықтан әрқайсымыз өмірдің әр сәтін бағалап, маңызды дүниелерге кешікпейік дегім келеді, – деді партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Гаухар Шайхиниязова.
Жүздесу барысында жинаққа енген әңгімелердің кейіпкерлері, әрекеттері, кешкен күйлері, оқиғалары хақында сұрақтар қойылды. Сауалдарға дұрыс жауап берген белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Басты сыйлық – жазушының өз қолтаңбасымен кітабын ұсынуы. Бұл бақытқа Назгүл Қожанбаева ие болды.
– Оқырмандар клубында әр кездесу сайын бізге белгілі бір кітап ұсынылып, соны оқып, келесі отырыста талқылаймыз. Бұл әр парақпен бірге өзіңді тану, ойыңды тереңдету, өмірге басқа қырынан қарау сияқты әсер қалдырады. Ақпан айындағы кездесуде біз Сайымжан Еркебаевтың «Жолдар мен шақырымдар» романын талқыласақ, бүгін Бауыржан Файзолла-ұлының «Биленбеген вальс» әңгімелер жинағын оқып, ой бөлістік. Бүгінгі кездесудің ең ерекше тұсы – кітап ауторының ортамызда отырғаны. Шынымды айтсам, мұндай сәт менің өмірімде екінші рет орын алып отыр. Бұған дейін өз көзіммен көріп, жүздескен қаламгер – Қадыр Мырза Әли еді. Ал бүгін, міне, Бауыржан Файзоллаұлымен жүздесіп, пікір алмасу бақыты бұйырды. Бұл менің өмірімнің жарқын беттерінің бірі болып қалатыны сөзсіз. Кітап бойынша қойылған сұрақтарға белсенді қатысып, Бауыржан ағаның өзі атап өткендей, гран-при иегері атанғаным – мен үшін үлкен қуаныш. Үйге барған соң балаларымның алдында ерекше мақтанышпен айтып, аутордың өз қолтаңбасымен берілген кітапты көрсетемін. Бұрын бұл шығарманы таба алмай, электронды нұсқасын оқыған едім. Енді, міне, сол кітап өз қолымда – бұл да бір бөлек сезім. Клубтың тағы бір ұнайтын тұсы – оның құрамындағы адамдардың әртүрлілігі. Мұнда зейнеткерлер де бар, орта жастағылар да, студенттер мен мектеп оқушылары да бар. Бұл – нағыз ұрпақтар сабақтастығы. Әр буын өз ойын айтады, өз көзқарасын білдіреді, сол арқылы бір-бірімізден үйренеміз. Біз кітапты басынан аяғына дейін оқимыз, бірге талқылаймыз, ой түйеміз. Әр шығарма бізге бағыт-бағдар сілтеп, сөздік қорымызды байытады, ойымызды ұштайды. Ал бүгінгідей аутордың өзімен кездесіп, сұрақ қойып, тіпті шығарманың жалғасын сұрауға мүмкіндік алу ерекше әсер сыйлады. Осындай рухани байлыққа толы іс-шараны ұйымдастырып отырған «AMANAT» партиясына және әсерлі шығармаларымен жүрекке жол тапқан Бауыржан Файзоллаұлына алғысым шексіз, – деді Назгүл Талғатқызы.
Кездесу соңында Бауыржан Файзоллаұлы оқырмандарына алғыс айтып, шығармаларының қалай жазылғанын, кейіпкерлерінің қайдан келгенін, кейде өмірдің өзі қалай көркем әңгімеге айналып кететінін баяндады. Оның сөзінен жазушы болу – жазу емес, сезіну, өмірдің кей шындығын өз ой-санаңнан, жан-дүниеңнен өткізу екенін ұққандайсың.
– Кітап – адам санасына ізгілік дәнін себетін, адамзат қоғамын ізгілендіретін ең үлкен рухани күш. Қазіргі заманда әлемде болып жатқан түрлі жағдайды көріп отырмыз. Кейде егер адамзат, оның ішінде ел басқарып отырған тұлғалар кітап оқып, әдебиеттен тәлім алса, бәлкім бүгінгідей қақтығыстар мен қатігездік аз болар ма еді деп ойлаймын. Өйткені кітап оқыған адамның ойы терең, жан дүниесі мейірімді, санасы сергек болады. Сондықтан әрқайсымыз күнделікті өмірде кітап оқуға уақыт бөлуіміз керек. Күніне жарты сағат болса да кітап оқып, алған әсерімізді бала-шағамызбен бөліссек, бұл – үлкен тәрбие. Кітап туралы әңгіме айтылған үйде рухани орта қалыптасады. Өз шығармаларыма келер болсам, «Биленбеген вальс» – менің алғашқы прозалық жинағым. Ондағы әр шығарманың астарында өмірден алынған оқиға, жүректен өткен сезім жатыр. Мысалы, «Кие» әңгімесінің жазылуына себеп болған жағдай – тоқсаныншы жылдардың ауыр кезеңінде орын алған бір оқиға. Сол уақытта адамдардың тұрмысы қиын болды, талай отбасы түрлі шешімнің алдында тұрды. Бір сәбидің тағдырына қатысты аборт туралы ауыр әңгімені естігенде, менің санамда «кие» деген ұғым тереңнен қозғалды. Адамның әрбір ісі, әрбір таңдауы жауапсыз қалмайды. Осы ой мені толғандырды. Әңгімені жазу барысында шындықты боямасыз беру үшін мен сол үдерістердің куәсі болдым. Бұл – жүйкені жаншитын, жүректі ауыртатын өте ауыр сәттер еді. Кейін сол жан күйзелісі шығармама арқау болды.
Ал «Бір түнгі жалғыздық» әңгімесінде мен мүлде басқа қырды көрсеткім келді. Бұл – қарапайым адамның өмірі арқылы үлкен ой айту. Басты кейіпкер – орманшы Әбіл қарт. Ол өз еңбегін жай жұмыс емес, Отанға қызмет деп түсінеді. Осы арқылы мен бір шындықты айтқым келді: мемлекетті нығайту – тек жоғарыда отырғандардың ғана міндеті емес. Қарапайым адам да өз еңбегімен, өз ісімен елдікті нығайтуға нақты үлес қоса алады. Кейде «Біз мемлекетке не бере аламыз?» деген сұрақ туындайды. Жауап қарапайым: адал еңбек ету, адал ұрпақ тәрбиелеу, қоғамға пайда келтіру – осының бәрі елге қызмет. Сондықтан жастарға айтарым – кітап оқыңыздар, білім алыңыздар, еңбек етіңіздер. Кітап сіздердің дүниетанымдарыңызды байытады, ойлау көкжиектеріңізді кеңейтеді. Кітап оқыған адамның ойы бай, сөзі нық, пайым-парасаты ауқымды болады. Яғни кітап – ұлы гуманистік ұстанымдарға негізделген тәлім-тәрбиенің күретамыры. Сол себепті де кітап оқу мәдениеті мен көркем әдебиетті насихаттау – ұлы миссия. Осындай рухани кездесулерді ұйымдастырып, оқырман мен ауторды жүздестіретін азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, – деді аутор.
Айта кету керек, «Кітап – AMANAT» партиялық жобасы аясында құрылған оқырмандар клубының бұл – алтыншы басқосуы. Алда тағы да жаңа кітаптар, жаңа ойлар, жаңа жүздесулер күтіп тұр. Өйткені кітап – таусылмайтын қазына.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»