1.04.2026, 15:15
Оқылды: 20

Батыс Қазақстанда 43 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр

Батыс Қазақстан облысында «Отбасы банк» АҚ ресми сайтының деректері бойынша биылғы 1 наурыздағы мәліметке сәйкес тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны – 43 663 адам, - деп жазады Kazinform.

708c150a-ac8c-4c41-bed2-e6ecf53d0e64
Коллаж: Kazinform
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 28 812-сі Орал қаласы, 14 851-і облыс аудандарының үлесіне тиеді.

Қанат Амангелдіұлының сөзіне қарағанда, өткен жылы тұрғын үй кезегінде тұрған 363 адам пәтермен қамтамасыз етілсе, соның 326-сы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына кіреді.

- Үкіметтің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» № 736 қаулысына сәйкес 2024-2025 жылдары тұрғын үй алу кезегінде тұрған азаматтар үшін «Отбасы банк» АҚ арқылы «2-10-20» және «5-10-20» ипотекалық бағдарламалары жүзеге асырылды. Осы бағдарламалар аясында Орал қаласының «Ақжайық» шағынауданында 5 тұрғын үй (барлығы 390 пәтер) салынды. Соның ішінде 386 пәтер түрлі санаттағы азаматтарға бөлінді, - деді Қ.Өмірәлиев.

Оның айтуынша, күні бүгін «Отбасы банк» АҚ тарапынан 413 тұрғын үйді үйлестіру жұмыстары басталып жатыр. Жыл басынан бері осы мекеме арқылы 68 пәтер санаттар бойынша тұрғындарға берілді.

- Тұрғын үйді бөлу үдерісінің ұзаққа созылуының негізгі себебі азаматтардың ауылдық округтерде ұсынылған үйлерден бас тартуы деп айтуға болады. Көпшілік тұрғындар аудан орталықтарынан немесе қаладағы ипотекалық бағдарламалар арқылы пәтер алуды қалайды. Көптеген азамат өздерінің елді мекендерінен немесе қаладан баспана алғысы келеді. Ал ұсынылған үйлер басқа ауылдарда орналасқандықтан, олардан бас тарту деректері кездеседі. Сондай-ақ түгендеу барысында кейбір адамдар мұны алаяқтық әрекет деп қабылдап, уақытында жауап бермейді, - деп қосты басқарма басшысының орынбасары.

https://kaz.inform.kz/news/batis-kazakstanda-43-minnan-astam-adam-turgin-uy-kezegnde-tur-3a8749/

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале